Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
21.09.2018 Ректор Мәлік Ғабдуллин
Бай да байтақ тарихы 1918 жылы сонау Ташкенттен бастау алатын қазіргі Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1928 жылы қазақтың жаңа астанасы Алматыда қайта ту тіккеніне де, міне, биыл 90 жыл толып отыр. Жиыны бір ғасырлық мерзімді қамтитын оқу ордасының ғұмырында телегей тарих тұнып жатыр.
«Көргені жақсы көш бастар» деп атам қазақ айтпақшы, білім ордасының осынау 90 жылдық тарихында бүгінге дейін 15 адам ректорлық (алғашқы кезде директор деп аталған - Б.С.) қызмет атқарыпты. Атап айтқанда, олар - Санжар Асфендияров, Бәймен Алманов, Шәміл Сақаев, Шайхислам Бекжанов, Серғали Толыбеков (үш рет), Халел Әділгереев, Ахмеди Ысқақов, Асқар Закарин, Мәлік Ғабдуллин, Жүнісбек Жұмабеков, Құлжабай Қасымов, Тоқмұхамед Садықов, Серік Пірәлиев және бүгінгі ректор Такир Балықбаев.
Міне, осы шоғыр арасында менің университеттегі қадірменді ұстазым - Мәлік Ғабдулиннің жұлдызы да ерекше жарқырап көрінеді. Өйткені аса көрнекті ғалым-ұстаз ғұмырының табаны күректей он жылын өзі түлеп ұшқан ҚазПИ-дің ректоры қызметіне арнады. Ол республика Оқу министрлігінің 1953 жылғы 8 маусымдағы №446 бұйрығымен С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ге ректорлыққа тағайындалған Асқар Закариннің орнына Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына ректор болып келді.
Бұл оның қырықтың қырқасына жақындап, өмірдің барлық майданында әбден пісіп-жетілген, нағыз ысылған шағы болатын. Ол тұста оқу орны «Абай атындағы Қазақ педагогикалық және мұғалімдер институты» деп аталды. Содан Мәкең институтты 1963 жылдың 17 қаңтарына дейін абыроймен басқарды.
Оқу орнын өркендетіп дамытудағы келелі шаруаларды жүзеге асырумен бірге батыр-ректордың араласуы нәтижесінде бірқатар зиялы азаматтар қуғыннан құтылып, ажалдан аман қалды. Олардың көбісі ақталып, өз қызметтеріне қайта оралды. Мәселен, өзінің досы, тарланбоз тарихшы Ермұхан Бекмаханов, майталман әдебиетші Мұхаметжан Қаратаев, әйгілі тарихшы, институттың бұрынғы ректоры, профессор Халел Әділгереев, тағы басқалар Мәлік Ғабдулиннің қамқорлығының арқасында қайта қатарға қосылды. Бұл да ерлік іспеттес шаруа болды...
Автор: Бақтияр Сманов, ҰҒА академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор
Ақпарат көзі: egemen.kz 21.09.2018 ж.
|