Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
02.10.2018 Торқалы той тағылымы
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» да жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, қосымша 20 000 грант бөлу туралы кезек күттірмес міндеттерді алға қоюы - Елбасымыздың білім саласына деген үлкен қамқорлығының айғағы. Абай атындағы ҚазҰПУ биыл 90 жылдығын тойлап жатыр. Университеттің басты міндеті - жаңа қоғамның бәсекеге қабілетті, озық ойлы, өзіне және қоғамға шығармашылық-жасампаздық қатынастағы сапалы педагогикалық мамандарды дайындау.
Кеңестік Қазақстанда университет ашу туралы мәселе 1922-1923 жылдардан бастап күн тәртібіне қойылған. 1926 жылы Ташкентте «Қазақ жоғары педагогикалық институтын» ашу туралы шешім қабылданған. Сол жылғы 26 қазанда пединституттың ашылуы болып, Оқу-ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов сөз сөйлейді. «Бізге әртүрлі мамандық иелері қажет. Біз агрономдарға да, дәрігерлерге де, инженерлерге де және басқа қызметкерлерге мұқтажбыз. Дегенмен қазіргі уақытта қазақ еңбекшілері бірінші кезекте педагогтарға мұқтаж» депті. 1935 жылы институтқа ұлы ойшыл, абыз ақын Абай Құнанбайұлының есімі берілді.
Ел тағдыры сын мен сынақ үстінде тұрған сол заманнан бері осы оқу орнынан мыңдаған түлек түлеп ұшты. Қазақстандағы тұңғыш құрылған оқу ордасы әлемдегі үздік университеттер қатарында жыл сайын өз позициясын жақсартып келеді. QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша университет 481 орынды иеленді (2017 жыл - 491 орын). QS World University Ranking рейтингінде 2018 жылы дамып келе жатқан Еуропа мен Орталық Азияның 30 еліндегі 200 үздік университет арасында 86-орында, республиканың педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көшбасшы орында тұр.
Университет ректоры Такир Балықбаев мырзаның бастамасымен мерейтой қарсаңында оншақты жаңа кітап шықты. Кеше сол тұсаукесер рәсімі өтті. Қолымызға «Абай университеті 90 жылдық тарихынан» деген кітап түскен. Смағұл Сәдуақасовтың сөзі бар екен. Көзіміз бір тұсына кідіре берген. Смағұл Ыбырай Алтынсарин мен Шоқан Уәлиханов туралы былай депті: «И вот этот Алтынсарин перед смертью распорядился не пропускать к себе ни одного русского, даже своих друзей. Этот атеист в жизни оставил завещание, чтобы на его похороны были приглашены 99 мулл», - деп Ыбырай әрекетін ауыр қылмысқа балапты. Ал Шоқан туралы «Был у нас другой Казак, не менее способный и не менее известный в свое время - это Шокан Валиханов. Он был искренным проводником русской колониальной политики на Востоке... И чем вы думаете, чем кончил этот Валиханов? Кончил тем же, что и Алтынсарин. Под конец своей жизни Валиханов отрекся от своих русских друзей; этот элегантный офицер русской армии переоделся в широкую киргизскую одежду, в тяжелые степные сапоги и умер в заброшенном киргизском ауле», - деп екі алыптың қазақы қалпына оралуын трагедияға теңестірген екен.
Еліміздің еңселі білім ордасы тоқсан жылдық тарихында талай тарау жолдан өтті. Теперіш те болды. Тәлкек те ұшырасты. Тезге де түсті... Бірақ қалың қазақтың ағарту ісіне, ілім-білімге құмарлығы соның бәрінен алып өтті.
1928 жылғы 1 қазан күні сөйлеген сөзінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мы бы отнесли его открытие к показателю первого рода, если бы он был организован и обставлен исключительно Казакской силой. Этого нет. Следовательно, он открывается не по достижении Казаками высшей культуры, а для достижения ими ее» деген екен. Жоқтың орнын толтырған, бір ғасырлық дидарында бүкіл қазақтың көзін ашуға ұмтылған жоғарғы оқу орны - білім ордасының тағылымды тұсы көп.
Университет алдында «Ұрпағым, абайла!» дегенді аңғартып Абай ескерткіші тұр...
Авторы: Нұртөре Жүсіп 02.10.2018 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|