Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
10.10.2018 Нақтылы міндеттер белгіленді
Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Президенті - Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын кезекті Жолдауын жолдады.
Бұл Жолдаудың аты айтып тұрғандай, қазіргі ХХІ ғасырдағы өзгермелі уақытта, әлемнің қарыштап, күн сайын жаңа инновациялық технологиялардың жаңа түрлері қолданысқа еніп жатқан кезеңде, халқымыздың осы көшке еріп қана қоймай, тұрмыс сапасын арттырып, табысқа қол жеткізе білуі мемлекетіміздің басты міндеті. Президент бұл Жолдауында біздің еліміздің жаһандық дағдарыс қыспағынан жол тауып, мемлекетті алға сүйрерйтін басты бағыттарды атап көрсетті.
Жалпы, еліміз Тәуелсіздік алғалы бері Ұлт көшбасшысының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдаулары еліміздің жарқын белестерді бағындырып, әлемдік саясатта өзіндік орны бар іргелі мемлекетке айналуының басты бағдары болды. Н.Назарбаевтың жыл сайынғы еліміздің басты құжаты саналатын бұл Жолдаулары ел дамуының жолдарын айқындап, Тәуелсіз Қазақстанды гүлденген елге айналдырды десек артық айтқандығымыз емес. Елбасының биылғы Жолдауы да еліміздің әлемдік аренада өз орнын айқындап қана қоймай, өзгелер үлгі тұтар мемлекет деңгейінен төмендемеуіне де өз септігін тигізері ақиқат. Биылғы Жолдау ел экономикасының әр тараптанып, халқымыздың тұрымыс-тіршілігінің де жақсаруын, қазақстандықтардың болашақта да қалай дамитынын анықтап берді. Жолдаудағы «Халық табысының өсуі», «Тұрмыс сапасын арттыру», «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру», «Азаматтардың сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат», «Тиімді сыртқы саясат» деп аталатын бағыттары жаңа Қазақстанның алға қадам басардағы басты бағдаршамы. Бұл, әрине, еліміздің алдағы уақытта қай бағытта құлаш сермеуіне жол көрсетеді десе де, біз білім саласының қызметкерлері болғандықтан осы білім саласына қандай тың бастамалар мен жаңалықтар енеді деп құлақ түріп отырамыз.
Биылғы Жолдаудың басқадан ерекшелігі бұл жолы Елбасымыз Педагог мәртебесіне кеңінен тоқталған. Өйткені қазіргі таңда мұғалімдердің мәртебесі мен олардың өлшеусіз еңбегі заң аясында қорғалу керектігін қоғамның өзі анықтап берді. Әсіресе, Президенттің «5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет»,- деп айтқаны білім саласына деген үлкен жанашырлық қамқорлығы деп білеміз. Елбасымыздың мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі өзгерту керек дегені болашақ ұрпақтың жан-жақты дамыған, кез-келген ортаға өзін бейімдей алуына жол ашары сөзсіз.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындарындағы білім сапасының жақсаруын күшейту, жоғары оқуорындарын ірілендіру деген ұсыныстары еліміздегі білім бәсекесінің артуына жол ашады деп білемін. Өйткені, маман даярлауда қазіргі заманауи сұранысқа қарай Қазақстанды дамытуға жағдай жасап, адами капиталдың сапасын арттыруға күш сала білетін оқу орындары ғана жұмыс жасауына толық мүмкіндік беріп отыр. Ұлт көшбасшысының әлемдік елдердің тәжірибесінен құралған Назарбаев Университетінің үлгісімен жаңа жоғары оқу орындарын құру қажет деген міндеттері бұдан былай білім саласына жауапкершілікті арттыратыны сөзсіз.
Бұл салада 90 жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне де нақтылы міндеттер артылатыны ақиқат. Біздің университетіміз ректор Такир Балықбаевтың бастамасымен көптеген тың бастамалардың бастаушысы болып еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы деген аттан айнымай келе жатыр. Биылғы жылғы Президенттің Жарлығымен мемлекеттік гранттардың саны артқаны баршамызға мәлім. Сол гранттардың көпшілігін біздің оқу орнымыз иеленіп отыр. Бұл да біздің оқу орнымыздың талапқа сай білім беретінінің айғағы. Биылғы оқу жылының өзінде-ақ көптеген жаңа бағдарламалар құрылып, студенттеріміздің бәсекеге қабілетті маман болуына біршама жұмыстар жүргізілді. Оқу үдерісіне жаңа инновациялық технологиялар кеңінен енгізілуде. Оқытушы-профессорлардың жауапкершілігі арттырылды. Білімді бағалаудың критерийлік үлгісі енгізіліп жатыр. Сондай-ақ біздің оқу Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша біздің студенттеріміз шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында оқып келсе, шетелдік профессорларды да өзіміздегі оқу үдерісіне көптеп тартып отырмыз. Бүгінде әлемнің 23 мемлекеттерінің 130 университеттерімен әріптестік қызмет атқарып келе жатқан оқу орнымыз бұдан былай да өрісін кеңейте береді деп ойлаймын.
Қысқасы, Жолдау нақтылы міндеттер белгіленді. Енді оны жүзеге асыруға атсалысу баршамызға сын.
Авторы: Хайрулла Жанбеков, Абай атындағы ҚазҰПУ Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры 10.10.2018 ж. Ақпарат көзі: dalanews.kz
|