Негізгі бет
Жаңалықтар
18.10.2018 «Ел ертеңі-сенің қолыңда» полемикалық кездесу өтті
2018 жылдың 17 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Ел ертеңі-сенің қолыңда» полемикалық пікір алмасу отырысы өтті. Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және құрметті қонақ ретінде Алматы қаласы, Медеу аудандық Ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Басқосуда университет ректоры Такир Балықбаев тәрбиелік маңызы зор мұндай жиын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткізіліп отырғанын тілге тиек етті. «Біз білім білім мен тәрбиені бөліп қарамаймыз. Жастар үшін екеуі де керек. Сондықтан білім берумен қатар, осындай мағыналы да, мәнді жиындары көбірек өтізуге тырысамыз. Мұндай кездесулердің жастарға берер тағылымы мол», - деді ректор. Ол сондай-ақ, жуырда ғана 90 жылдық мерейтойын атап өткен жоғарғы оқу орынның атқарып жатқан жұмыстары мен жеткен табыстарына тоқталып өтті.
Ардагерлер атынан сөз алған Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ким Серікбаев аз ғана уақыттың ішінде университеттің білім беру деңгейін жоғары сатыға көтеріп, жастар тәрбиесіне үлкен мән беріп отырған оқу ордасы басшысына алғысын білдіріп, алдағы уақытта да тығыз қарым-қатынас жасап тұруға дайын екенін жеткізді. «Бұл университет мен үшін әрқашан ыстық. Осы оқу орынның қабырғасында батыр бабамыз Бауыржан Момышұлына арналған «Батырдың шапағаты» деген кітабымның тұсауы кесілді. Студенттермен кездесу маған тың серпін береді», - деді Ким Серікбаев. Өз кезегінде Такир Балықбаев университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып келе жатқаны үшін Ким Серікбаевқа университеттің 90 жылдығына арналған медальді табыстады.
Еркін әңгіме түрінде өткен кездесуде студенттер бірнеше топқа бөлініп, аға буынға өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жастар болашағына, еліміздің өркендеуі жолындағы қадамдарына, Елбасының биылғы жолдауына қатысты өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, олар арнайы дайындалған «Өзіңді Қазақстанның болашағымен қалай байланыстырасың?», «Еліміздің одан әрі дамуы үшін не істей аласың?» деген сынды сұрақтарға жауап берді.
Жиын соңында жастар ардагерлерге арнап ән айтып, домбыра тартып, би биледі. Ардагерлер осындай тамаша кездесу өткізгені үшін ректорға, өнерлі жастарға алғыстарын айтты. Алдағы уақытта да осындай басқосулардың жиі болатынына сенім білдірді.
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім
|