Негізгі бет
Жаңалықтар
31.10.2018 Педагогикалық білімді модернизациялау бойынша республикалық конференция
2018 жылдың 30 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Педагогикалық білімді модернизациялау» тақырыбында республикалық конференция өтті.
Конференцияға Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан жоғары оқу орындарының ректорлары, оқу ісі жөніндегі проректорлар, педагогикалық колледждердің директорлары мен орынбасарлары, Білім басқармасының басшылары, Назарбаев Зияткерлік мектебінің және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері қатысты.
Конференция жұмысын ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов жүргізді. Асхат Аймағамбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылған адами капиталды жақсартудағы білімнің ерекше рөліне тоқталды. Вице-министрдің айтуынша, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қолданыстағы әдістемесі жалпы білім беру жүйесінің негізі ретінде қабылданады. Сонымен қатар, ол экономикадағы сұранысқа ие мамандықтарды ескере отырып, орта мектептердегі балаларға кәсіптік бағдар берудің маңыздылығын атап өтті.
«Мұғалім мектептегі басты тұлға. Сондықтан болашақ маманның табысқа жетуі үшін педагогтың болашақта пайдаланатын ақпаратты беруге қабілетті болуы өте маңызды. Оқу үрдісін дұрыс ұйымдастыру қажет. Заманауи мектептер жоғары оқу орындарына қарағанда зертханалық құралдармен жақсы жабдықталған. Материалдық база көмегімен мұғалімнің тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыруына мүмкіндік жасалған. Мұғалім өзі сабақ беретін пәнін, әдістемесін және оқыту технологиясын өте жақсы білуі керек. Педагогикалық қызметтің жоғары стандарттары үнемі білім саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қажет етеді», - деді Күләш Шәмшидинова.
Баяндама барысында жас оқытушылар арасында жүргізілген мониторинг нәтижелерімен бөлісті: олардың 92,7%-ы білім алушылардың шығармашылық, ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған практикалық сабақтарды өткізуге тілек білдірген, сондай-ақ, оқушыларға арналған әртүрлі деңгейдегі күрделі тапсырмаларды әзірлеп, сабақ барысында ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру қажеттілігін атап өткен.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев білім беруді дамытудағы педагогикалық кадрларды даярлауда туындайтын өзекті мәселелерді шешуге байланысты өз ойымен бөлісіп, республикадағы білім беруді жаңғырту үдерісіне барынша қолдау көрсетілетіндігін айтты.
«Министрлік түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі төмен жоғары оқу орындарына қатаң шаралар қолданып, университеттерден лицензиялар қайтарып алады. Педагогикалық мамандыққа түсетін талапкерлер үшін шекті балл көбейтіледі», - деді Асхат Аймағамбетов.
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім |