қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
02.11.2018

«Студенттер қатарына қабылдау» салтанаты


  

 

2018 жылдың 1 қараша күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 1-курс студенттерін «Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты шарасы өтті.


Жиынды ашқан университет ректоры жаңа түскен студенттерге жүрекжарды тілектерін арнады. «Сіздердің жоғары оқу орнының студенті атанған бақытты сәттеріңіз Қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына сәйкес келуі бұл сіздердің өмірлеріңіздегі мәңгі ұмытылмас оқиға болғаны сөзсіз», - деді Такир Балықбаев.


- Осы қазан айының басында ғана біз 90 жылдық мерекені қалай атап өткенімізге өздеріңіз куә болдыңыздар. Біздің 90 жылдық мерейтойымызға арнаған құттықтауында Президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті - отандық жоғары білім беру жүйесінің қара шаңырағы. Университет бүгінде тарихы 1928 жылы еліміздегі жалғыз педагогикалық факультеттің ашылуынан бастау алатын жетекші оқу орнына айналып отыр. Оның қалыптасуына белгілі ұлт қайраткерлері Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов және басқа да көрнекті тұлғалар зор үлес қосты», - деген еді. Міне, осы сияқты жүздеген зиялы ағаларымыздың аяғының ізі мен қолының табы қалған қара шаңырақта білім алып жүрген сіздер бақытты ұрпақсыздар».

 

Ректор одан әрі оқу орнының биыл жаңа лекпен толыққанын, олардың ішінде мектепті үздік бітірген - 224 «Алтын белгі», 174-і үздік аттестат иелері болғанын атап өтті.

 

«Сонау ХІХ ғасырдың өзінде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Бізге жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім - мектептің жүрегі» деген ұлағатты сөз қалдырса, бұл сөздің мәні әлі жоғары. «Мектептің жүрегі» болуды мақсат тұтып, арман жетегінде келген сіздерге алғысымыз шексіз», деді Такир Балықбаев. - Өйткені қазақ елінің ертеңгі тірегі де, болашағы да, оның ұрпағын білім нәрімен сусындататын да сіздерсіздер. Білім айдынына желкен көтерген Сіздерге сәт-сапар тілеймін».

 

Ректордан кейін сөз алған «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филалының өкілі Арман Халбеков педагог мамандардың ұстаханасы атанған университеттің студенттеріне сәттілік тілеп, Альфа-академиясының» өкілдері шетел тілін оқыту грантын табыс етті.

 

Салтанатты жиын өнер шеберлерінің концертіне ұласты.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім