қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
05.11.2018

Эразмус+ бағдарламасының Қазақстандағы ақпараттық күні

 

2018 жылғы 2-3 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және Алматы аймақтық ректорлар Кеңесінің, Еуропалық Комиссияның білім беру, аудиовизуалды және мәдениет жөніндегі Атқарушы Агенттігінің қолдауымен, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігімен бірге Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесінің ұйымдастыруымен Erasmus+ бағдарламасының Ақпараттық күні өтті.


Іс-шараның мақсаты - Қазақстан жоғары оқу орындарының және басқа мүдделі ұйымдардың өкілдерін Эразмус+ бесінші байқауының талаптары, іріктеу рәсімі, ұлттық және аймақтық басымдықтары туралы ақпараттармен таныстыру, сондай-ақ Эразмус+ іс-шараларына қатысуға тілек білдірушілерге практикалық кеңес беру.

 

Эразмус+ бағдарламасының Ақпараттық күніне Алматы аймақтық ректорлар Кеңесінің төрағасы, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев, ҚР-дағы Француз Елшілігі Бас консулдығының университеттік ынтымақтастығы бойынша атташесі Жиль Меметц, Қазақстандағы Эразмус+ бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Шайзада Тасболатова, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, республикамыздың өңірлерінен келген жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

 

Іс-шара барысында ректор Такир Балықбаев еуропалық бағдарламалардың маңыздылығына және ерекшеліктеріне тоқталып өтті: «Эразмус+ бағдарламасы білім беру жүйесін тұрақты дамыту мен оның тиімділігін арттыру арқылы қазақстандық білімнің халықаралық деңгейге көтерілуіне ықпал етеді. Бұл бағдарламалар біздің оқытушыларымызға және студенттерге жоғары білім беруде маңызды тәжірибеге ие болуға; бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында кәсіби деңгейін дамыта отырып, жаһандық нарықтық жағдайларға дайын болуға; қажетті дағдыларды қалыптастыру, кәсіби деңгейін көтеру және мәдениетаралық түсіністікті арттыру мүмкіндіктерін береді».


2 қарашада «Жоғары білім беру саласындағы әлеуетті арттыру» жобаларына (бұдан әрі - ЖББӘА) қатысушыларға, әлеуетті қосымшаларды әзірлеушілерге және оқу орындарының халықаралық бөлімшелерінің қызметкерлеріне Эразмус+ бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Шайзада Тасболатова Эразмус+ бағдарламасының негізгі сипаттамалары, Эразмус+ бағдарламасының Жоғары білім беру әлеуетін арттыру мен Халықаралық кредиттік ұтқырлық компоненттеріне сәйкес IV байқаудың нәтижелері, бағдарламаның негізгі 2 әрекеті туралы, атап айтқанда: 1) Халықаралық кредиттік ұтқырлық және Эразмус Мундус (Erasmus Mundus) бірлескен магистрлік бағдарламалары; 2) Жоғары білім саласының әлеуетін арттыру, бесінші жоба байқауының жаңалықтары, ұлттық және аймақтық басымдықтар бойынша толық ақпарат берді.

 

Сол күні кездесуге қатысушыларға Эразмус+ бағдарламасының Ұлттық кеңсесінің өкілдері «Жан Моне» бағдарламасы бойынша, Эразмус+ жобасы туралы ақпараттандыру және жоғары білім беру реформасы бойынша сарапшылардың ұлттық командасының қызметі туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, ЖББӘА жобасының қатысушылары мен жобалық өтінімдерді әзірлеуші тараптар үшін арнайы сессиялар ұйымдастырылды. Қатысушыларға Эразмус+ бағдарламасының аясында жеке және топтық ақпараттар беріліп, жоба үйлестірушілері мен топ мүшелеріне қосымша кеңестер берілді.


3 қараша күні Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарына «Erasmus Mundus» бірлескен магистр дәрежесі және халықаралық кредиттік ұтқырлық туралы ақпарат берілді.

 

Іс-шара барысында Шайзада Тасболатова бағдарламаның жаңа жобалары, конкурстарға қатысу ерекшеліктері, критерийлер мен іріктеу рәсімдері, ұлттық және аймақтық басымдықтар туралы баяндап, Эразмус + бағдарламасына қатысам деушілерге арналған жобаларды қаржыландыру бойынша практикалық ұсыныстар берді. Іс-шара барысында Эразмус + бағдарламасының Ұлттық кеңсесінің өкілдері өздеріне қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар қайтарды.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім