қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
06.11.2018

Жұмысқа орналастыру деңгейі төмен оқу орындарына қатаң шара қолданылады

 


Отандық педагогикалық білімді жетілдірудің өзекті мәселелеріне байланысты Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Педагогикалық білімді модернизациялау» тақырыбында өткен конференцияға Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов қатысып, Елбасы Жолдауында айтылған адами капиталды дамытудағы білімнің рөліне қатысты мәселелерді ортаға салды.

 

Қазақстанның жоғары, кәсіптік оқу орындарының басшылары, Алматы қаласы Білім басқармасының, «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері қатысқан жиын барысында Асхат Аймағамбетов Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қолданыстағы әдістемесі жалпы білім беру жүйесінің негізі ретінде қабылданатындығын атап өтті. Сонымен қатар, экономикадағы сұранысқа ие мамандықтарды ескере отырып, орта мектептердегі балаларға кәсіптік бағдар берудің маңыздылығына ерекше мән берді.

 

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДБҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова «Заманауи мұғалім: мектеп пен жоғары оқу орындарының байланысы» тақырыбында баяндама жасап, мектептердегі білім беруді жаңғырту, педагог кадрларды даярлау, оқу үрдісін дұрыс ұйымдастыру мәселелері, тәжірибелік сабақтардың, оқыту әдістері мен технологиялардың, білім мен технологияны жүйелеудің маңыздылығына тоқталды. Мұғалім мектептегі басты тұлға. Болашақ маманның табысқа жетуінде білікті педагогтың рөлі жоғары. Бүгінде мектептер жоғары оқу орындарына қарағанда заманауи зертханалық құралдармен жабдықталған. Материалдық база көмегімен мұғалімнің тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыруына мүмкіндігі мол. Педагогикалық қызметтің жоғары стандарттары білім саласындағы қызметкерлердің біліктілігін тұрақты арттыруды қажет етеді.

 

Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА вице-президенті Алмагүл Мұхамедханова өз баяндамасында оқу орындарының жаңартылған бағдарламасының алғашқы талдауларының нәтижелерінде кездескен мәселелерге назар аудару керектігін айтты. Түлектердің жаңартылған бағдарламадағы оқу нәтижелері мен құзыреттілігі орта мектепте оқытудың жаңа формасына сәйкес келмейді әрі модульдер мен пәндердің тақырыптары ескірген. Осы орайда Қазақстанның барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарындағы жаңартылған бағдарламалар барысына тоқталған Алмагүл Мұхамедханова зерттелген бағдарламалардан маңызды рөл атқара алатын құжаттардың табылмағандығын айтты.

 

Алматы қаласындағы Білім беру басқармасының бастығы Гүлнар Ходжабергенова бағдарлама бойынша кәсіби-бағытталған білім беруді енгізу туралы ақпарат беріп, педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігіне тоқталды. Қазақстанның Білім беру альянсының болжамына сәйкес, 5 жылда Қазақстандағы мектеп оқушыларының саны 3,5 миллионға, сәйкесінше, мұғалімдер мен мектептің жүктемесі 30 пайызға артып отырады. Сондықтан да осындай мәселелерге де баса назар аударған жөн.

 

ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев «Педагогикалық білімді модернизациялауға арналған Жол картасындағы индикативтік көрсеткіштер» тақырыбында баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелерге тоқталды. Ал Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев жоғары оқу орындарындағы білім беру үдерісін жаңғырту, педагогтардың кәсіби деңгейін арттыру, мұғалімдердің қызметтік сауаттылығын көтеруге қатысты пікірімен бөлісіп, білім беру жүйесінің жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

 

Конференцияны қорытындылай келе Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов білім беру саласында анықталған кемшіліктерді жою үшін педагогикалық кадрларды тиісті жүйеде даярлау жөнінде қажетті шаралар қабылданатынын айтты. Сондай-ақ, әрбір педагогикалық жоғары оқу орны түлектерінің, мектеп мұғалімдерінің біліктілігін, сонымен қатар цифрлық сауаттылықтарын бағалау үшін сертификаттаудан өтетін болады. Сонымен қатар түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі төмен жоғары оқу орындарына қатаң шаралар қолданып, университеттерден лицензиялары қайтарып алынатын болады. Ал педагогикалық мамандыққа түсетін талапкерлер үшін шекті балл көбейтіледі.

 

Авторы: Эльвира Серікқызы

06.11.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz