Білім кеңістігіндегі маңызды оқиға
2014 жылдың 24-25 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Математиканы, физиканы және информатиканы мектепте және ЖОО -да оқытуды жетілдіру проблемалары» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Бұл Қазақстанның және оған көршілес мемлекеттердің оқу-білім кеңістігіндегі мәні зор оқиға болды.
Баршаға белгілі, соңғы жылдары мектеп және ЖОО түлектерінің физика және математика пәндерінен даярлық деңгейі біршама төмендеп кетті. Әсіресе болашақ мұғалімдердің физика мен математика саласындағы білім деңгейлерінің төмендеуі алаңдатады, өйткені олардың даярлық сапасы мектеп оқушыларын оқыту сапасына тікелей әсер етеді. Демек, мұның тұтас білім беру саласының болашағына кері ықпалы болуы мүмкін.
Осыған байланысты физика және математика пәндерін мектепте, одан әрі ЖОО-да оқытудың сабақтастығы мәселелері кеңінен талқылауды, белгілі бір ұсыныстар негізінде нақты шаралар қолдануды қажет етеді. Сондай-ақ бұл пәндерді оқыту ісін оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету қажет.
Конференцияны құттықтау сөзбен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бірінші проректоры М.Е.Ермағанбетов ашты. Сөзінің соңында ол жиналғандарды осы ғылыми жиынға келген шетелдік ғалымдарды таныстырып өтті. Қатысушылар құрамы конференция деңгейінің биіктігін айғақтап тұр. Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, Ресей ғылым академиясының академигі, Ресей білім академиясының академигі, ЮНЕСКО Сыйлығының иегері; физика- математика ғылымдарының докторы, профессор Алексей Львович Семёнов бастап келген Мәскеулік көрнекті әдістемеші ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады.
Осы алқалы жиынға сондай-ақ Ресейдің, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Түркіменстанның және өз еліміздің әртүрлі аймақтарынан келген мамандар белсене қатысты.
Конференцияға қатысушылардың ой-пікірлері мен тұжырымдары, ұсыныстары алдағы уақытта нақты іс-тәжірибеге енгізілмек.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
Ақпарат орталығы