қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
13.11.2014

Серік Пірәлиев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор

ЖАҢА ЖОЛДАУ ЖАҢА КӨКЖИЕКТЕРГЕ БАСТАЙДЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» деп аталатын жаңа Жолдауы қазіргі кезде Қазақстан халқының ғана емес, әлем саясаткерлерінің де назарын ерекше аударып отыр. Өйткені Қазақстан басшысы әлемді жайлаған жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысының әлі де тез сейіле қоймай, жаңа сындармен және қатерлермен астасып отырғанын айта келіп, елімізді осы дағдарыс қатерінен алып шығудың жолдарын көргендіктен көрсетіп берді. «Бүгінде алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты туралы жариялаймын», - деген Мемлекет басшысы осы бағдарлама бойынша жүзеге асырылатын негізгі бағыттарды саралады. Дағдарыстан сақтану үшін Ұлттық қордың мүмкіндіктері пайдаланылмақ. Одан алынған транштық қаржылар шағын және орта бизнесті, ірі кәсіпкерлікті қаржыландыруға, банк секторын сауықтыруға, аймақтардағы жаңа инфрақұрылымдарды жалғастыруға, ЭКСПО-2017 кешені құрылысына, Астананың көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Көлік-логистикалық, индустриялық, энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымдарды күшейту басты назарда болады, деді Елбасы. Осы арады Мемлекет басшысының халықты тұрғын үймен қамтудың жаңа моделін ұсынуы көңілге қуаныш ұялатады. Елбасының айтуынша, мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспана салып, оны тұрғындарға сатып алу құқығын бере отырып, ұзақ мерзімге жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалсыз және несиеге барынша төмен пайызбен беру оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік жасайды. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түсетінін айтқан Президент 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомаға ұлғайтатынын назарға салды.
Елбасымыз сонымен бірге бүгінгі таңның ең өзекті мәселелері болып саналатын білім беру, денсаулық сақтау салаларында атқарылатын игілікті істерді де қамтыды. Атап айтқанда, балалар бақшаларының, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің орын тапшылығын азайту үшін қаржы бөлуді үкіметке тапсырды. Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде ғылымның экономика салаларымен және мамандар даярлаумен байланысты 10 жоғары оқу орнына 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бөлініп, ол осы оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға жұмсалады.
«Қазақстан - 2050» стратегиясында әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуді басты мақсат етіп қойған біздің еліміз үшін білім мен ғылымды дамытудың маңызы зор. Сондықтан бәскекеге қабілетті ел болу үшін жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудың маңызы арта түсуде. Білім мен тәрбие әуелі бала бақшада, мектепте, сонан соң жоғары оқу орындарында жалғасады дейтін болсақ, біздің елімізде бала бақша да, балалар мекемелері мен мектептер де заман талабына сай болуы керек. Бұл талада Елбасы бас болып елімізде атқарылып жатқан жақсы істер өте көп. Соңғы жылдардың өзінде елімізде жүздеген жаңа мектептер салынып, пайдалануға берілді. Жаңа бала бақшалар мен балалар мекемелері де көбейіп келеді. Әр облыста, үлкен қалаларымызда дарынды балаларға арналған зияткерлік мектептер жұмыс істеуде. Ендігі міндет еліміздегі үш ауысымды бала оқытатын мектептерді барынша қысқарту болып отыр. Міне, бұл мәселе де Жолдауда көрініс тапты. «Бірінші кезекте, бұл - апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу... Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын», - деді Елбасы. Сондай -ақ ол мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын қысқарту үшін 3 жыл бойы 20 миллиард теңге бөлініп отыратынын да атап көрсетті. Осыған қарағанда Елбасымыздың ұлт болашағы - жас ұрпаққа деген аталық қамқорлығы айқын көрініп тұрғаны анық.
Елбасы осы Жолдауында атап көрсеткендей, білім беру, денсаулық сақтау жөніндегі бағдарламалар онан әрі жалғаса береді. Жалпы, «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясаты әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену жолындағы біздің ауқымды қадамдарымыз болып табылады.
Әлемдік дағдарысты еңсеру, экономиканы дамыту, әлеуметтік жағдайды жақсартумен бірге Елбасы елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мәселесіне ерекше назар аударды. Елдегі тұрақтылық - ел дамуының тірегі. Сондықтан біз ел болып, жұрт болып тұрақтылықты күшейтуге атсалысуымыз керек. «Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз - Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпы ұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз», - деген Елбасы сөзі тереңінен ой қозғауымен, ел болашағына деген қамқорлығының жарқын көрінісіндей сезіледі.
Биылғы Жолдаудың бұрынғы Жолдаулардан ерекшелігі өте көп. Мұның бәрі тәуелсіз Қазақстанды жаһандық дағдарыстан сақтап қалуға, экономиканы тұрақты дамыту арқылы елдің тұрмыс-жағдайын жақсартуға, Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу мақсатын жүзеге асыруға деген қамқорлықтан туындап отырғаны сөзсіз. «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясаты елімізді жаңа белестерге, нұрлы болашақтарға жетелейтініне сеніміміз кәміл.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы, барлық қызметкерлері, студенттері мен магистранттары Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» деп аталатын жаңа Жолдауымен ынта қоя танысып, ондағы айтылған өзекті мәселелерді қанағаттанғандық сезіммен қарсы алды. Бүгінде Жолдауға байланысты атқарылатын іс-шаралар жоспары жасалып, оны жүзеге асыруға қызу кірісіп кеттік. Жолдау бойынша ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланып отыр.