қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
23.11.2018

«Филологиялық білімдер инновациясы: дәстүр мен сабақтастық»


  

 

2018 жылдың 22 қарашасында Филология және көптілді білім беру институты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына арналған студенттер мен магистранттардың «Филологиялық білімдер инновациясы: дәстүр мен сабақтастық» тақырыбында дәстүрлі 72-ші ғылыми конференциясын өткізді.


Конференцияның мақсаты: филология және филологиялық мамандықтарды оқыту әдістемесі, көптілді білім беру және аударма ғылымдарының тұрақты дамуының, дәстүрі мен сабақтастығының өзекті мәселелері бойынша студенттер, магистранттар мен жас ғалымдар арасында ақпарат алмасу, қазіргі заманғы ғылыми зерттеулер бастамалары мен қорытындыларын жинақтау және оның әрі қарай тұрақты даму перспективаларын анықтау болды.

 

Конференцияның пленарлық мәжілісін ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева ашып, конференцияға қатысушы жас ғалымдарға сәттілік тіледі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша студенттер мен магистранттардың республикалық ғылыми жоба байқауынан жүлделі орындарға ие болған Филология және көптілді білім беру институты «5В011700-қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс студенті Әсем Сәрсемәлиеваны, «5В012100-қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті Айдана Әжібайды, «5В011800-орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті Сабина Валиеваны ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің дипломдарымен марапаттады.

 

Пленарлық мәжілісті институт директоры Балтабай Әбдіғазиұлы жүргізді. Пленарлық мәжілісте 4 тілде баяндама жасалды: «6М020500-филология» мамандығының 1-курс магистранты - Баубек Жұмаш қазақ тілінде (ғылыми жетекшісі: ф.ғ.д., доцент Нағима Ильясова), «5В011800-орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті - Алина Афанасьева орыс тілінде (ғылыми жетекшісі: PhD доктор Алла Джундубаева), «Шетел филологиясы: ағылшын тілі» мамандығының 1-курс студенті - Диана Нәду ағылшын тілінде (ғылыми жетекшісі: магистр-оқытушы Нұржамал Қоспағанбетова), «5В021000 шетел филологиясы (араб)» мамандығының 4 курс студенті - Еңлік Дігәрбек араб тілінде (ғылыми жетекші - аға оқытушы Рая Оразова).

 

Конференцияның материалдары жинақ түрінде жарық көрді. Ғылыми жинаққа 6 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, араб, қытай, түрік) мақалалар енді. Жас ізденушілерге институттың 85 профессор-оқытушылары жетекшілік жасады. Конференция бағдарламасына сәйкес 4 кафедрадан 9 секция бойынша жұмыс жүргізілді. Конференция қорытындысы бойынша студенттер мен магистранттарға І, ІІ, ІІІ дәржелі дипломдар мен қатысқаны үшін сертификаттар, жетекшілік жасаған профессор-оқытушыларға алғыс хаттар берілді.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

  

 

Филология және көптілді білім беру инcтитуты