Сайыпқыран Сәкенге арналған әдеби кеш
Үстіміздеге жылдың қараша айының соңында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, ұлы ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 120 жыл толуына арналған әдеби кеш өткізілді. Жұртшылықтың есінде қаларлықтай болып өткен бұл іс-шараны ұйымдастырған филология пәндері кафедрасы ұжымының (меңгерушісі Розалинда Шаханова) кештің мазмұнды болуы үшін мұқият әзірлік жасағаны аңғарылды.
Ақиық ақынға арналған әдеби кешке ол туралы айтары бар адамдар қонаққа шақырылыпты. Белгілі кәсіпкер, қаржыгер, Сәкен Сейфуллиннің немере інісі Сәкен Сейфуллиннің, «Темірқазық» баспасының директоры, жазушы, түркітанушы Хакім Омардың, әнші, сазгер, өнертанушы Ерлан Төлеутайдың қатысуы Сәкен кешінің мазмұнын тереңдете түскендей.
Әрине, кеш шырайын магистрант жастар ашты. Мәселен, Әйгерім Кешубаева С.Сейфуллиннің өмір жолы туралы деректі бейнебаян көрсетсе, ф.ғ.д.,Ыспандияр Ақайұлы С.Сейфуллиннің іс қағаздарды қазақ тілінде жүргізу туралы мақалаларын бейнетаспа көмегімен көрсетіп, әңгіме өрістетті. Сондай-ақ Перизат Балхимбекова, Эльмира Жанысбекова, Рауза Үскенбаева, Әсем Танысбекова, Ақбаян Нұрсұлтанова ардақты ақын өмірі жайлы қызықты деректерді, оның шығармаларынан үзінділерді бейнетаспа арқылы жиналғандарға жеткізді. Ал, Айгерім Ержанқызы Сәкеннің атақты «Тау ішінде» әнін әуелетті.
Әдеби кешті кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Розалинда Шаханова қорытындылады.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
Ақпарат орталығы