Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
11.12.2018 «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң жобасы талқыланды
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң жобасын талқылауға байланысты Алматы қаласы мектептері, колледждері мен жоғары оқу орындарының басшылары, ұстаздары, ғалымдардың қатысуымен арнайы кеңес өтті.
Кеңеске Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева қатысып, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында дайындалған заң жобасының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ педагог мәртебесін арттыруға бағытталған барлық мүмкіндіктердің қарастырылып отырғандығын жеткізді.
Қазіргі кезде аталған министрліктің сайтында, әлеуметтік желілерде заң жобасына қатысты қызу талқылау жүріп жатыр. Заң жобасын әзірлеуге байланысты 78 адамнан құрылған комиссия құрамында ғалымдар, ұстаздар мен депутаттар бар. Айналасы бір айдың ішінде заң жобасы сүзгіден өткізіліп, ендігі кезекте кәсіби ортаға таныстырылып, талқылау жұмыстары жалғасын табуда.
Эльмира Суханбердиеваның айтуынша, Білім және ғылым министрлігінің сайтына еліміздің барлық өңірлерінен сегіз жүзден астам ұсыныс келіп түскен. Қазіргі кезде елімізде 300 мыңнан аса мұғалім еңбек етсе, аталған заңға қатысты кез келген сала маманы өзінің пікірін білдіре алады. Жұмыс тобы барлық өңірлерді аралап, талқылауларға қасады. Министрдің тапсырмасы бойынша заң жобасынан әрбір мұғалім хабардар болуы қажет. Осыған орай әр мектеп ұжымы арнайы сілтемеде көрсетілген заң жобасымен танысып, өз пікірлерін, ұсыныстарын жолдайтын болады.
БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Сәуле Қабимолдаева педагогикалық қауымдастықтың қатысуымен әзірленген заң жобасының көтеріп отырған жүгі педагог мәртебесін арттырумен сипатталатындығын жеткізді. Сондай-ақ заң жобасы барлық білім беру мекемелерінде еңбек етіп жүрген ұстаздардың әлеуметтік дәрежесін анықтап, оларға қолдау көрсетуге бағытталғандығын атап өтіп, 6 бөлім, 21 баптан тұратын құжаттағы маңызды мәселелерге тоқталды.
Заң жобасын талқылауға арналған кеңесте мұғалімдердің, мектеп директорлары мен колледждер оқытушыларының пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Тұрғын үй, медициналық сақтандыру, зейнет жасы, мұғалімдердің жүктемесін жеңілдету, мұғалім мен ата-ананың міндеті, құқығы тұрғысындағы, сондай-ақ мектеп мұғалімі мен жоғары оқу орындары оқытушыларының міндеті, еңбек ақысы және де біліктілікті тексеруге арналған тестке байланысты көптеген түйткілді мәселелер айтылды. Вице-министр Эльмира Суханбердиева заң жобасында бұл ұсыныстардың толықтай ескерілгендігін әрі ұстаздар тарапынан айтылған әрібір пікірдің құнды екендігіне тоқталды. Ұстаздар қауымы үшін мәртебелі құжаттың жоғары деңгейде дайындалып, салаға қатысты кез келген мәселені толығымен қамтуы қоғам келешегі үшін аса маңызды.
Авторы: Эльвира Серікқызы 10.12.2018 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|