Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
07.12.2018 Cөз сиқырын зерделеген ғалым
Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетов атындағы конференция залында Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының аясында Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымының докторы, профессор Әсет Болғанбайұлының 90 жылдық мерейтойына арналған «Сөз сиқырын зерделеген ғалым» атты «Дөңгелек үстел» болып өтті.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған қазіргі қазақ қоғамның мәдени-әлеуметтік кеңістігіндегі заманауи бағыттың «Тіл - рухани қазына, тіл - ұлттық құндылық» қағидағасына сәйкес бүкіл өмірін қазақ тілінің сөздік қорын байытуға, жетілдіруге арнаған профессор Әсет Болғанбайұлының артына қалдырған ғылыми мұраларын танып-білудің мәні ерекше. Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, филология ғылымының докторы, профессор Әсет Болғанбайұлы қазақ тілі тоқырауға түскен, ұлттық тілдің қолданысы мен мәртебесі құлдырай бастаған төл тіліміздің нәрін зерттеп, қазақтың сөздік қорының байлығын дәлелдеген қазақ тіліндегі сөздің көркемдігін танытатын мағыналас сөздерді жинап, «Синонимдер сөздігін» жасады.
Ғалымның еңбек жолына, зерттеулеріне назар аударатын болсақ, ол үнемі қазақ сөзінің мән-мағынасын ашып, сөздікке тіркеп, болашаққа төл сөздің құндылығын мұра етуді көздеді. Ә.Болғанбайұлының негізгі еңбектері қазақ тіл білімінің көп ізденісті, жан-жақты зерттеуді қажет ететін, қазақ тілінің сөз байлығының арнайы саласы лексикологияға және лексикографияға арналған. Білікті лексикограф-ғалымның «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Абай тілі сөздігі» тәрізді ірі лексикографиялық шығармаларын айтуға болады. Кезінде бүкіл түркі тілдері бойынша озық туындылардың бірі саналған он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» белді авторлардың бірі болды. Осы жұмысы үшін ғалым 1988 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.
«Дөңгелек үстелге» филология ғылымының кандидаты, лексикограф-ғалым Асылы Осман, Абай атындағы Қаз ҰПУ профессоры Фаузия Оразбаева, әл-Фараби атындағы атындағы ҚазҰУ профессоры Гүлдархан Смағұлова, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Гүлбану Қосымова, Абай атындағы ҚазҰПУ доценті Майра Жүнісова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының белгілі тілші-ғалымдары Н.Уәли, профессорлар Ж.Манкеева, С.Бизақов, Р.Шойбеков және бірқатар гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, тіл мамандары қатысты. «Дөңгелек үстел» барысында Ә.Болғанбайұлының «Сөз әлемі» кітабының тұсаукесер рәсімі болды.
Авторы: Өтеш Өтеуліұлы 07.12.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz |