қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
19.12.2018

Адам болам десеңіз...


13 желтоқсанда Университеттің Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаментінің қолдауымен, «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен қазақтың біртуар ұлдарының бірі, данышпан ақын, ойшыл, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Адам болам десеңіз...» әдеби-танымдық кеш өтті.

 

Әдеби-танымдық іс-шараға Сорбонна-Қазақстан, Математика, физика және информатика, Педагогика және психология, Жаратылыстану және география институттарының өкілдері, Өнер, мәдениет және спорт институтының 1 курс студенттері, «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет, абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, Филология және көптілді білім беру факультетінің деканы Балтабай Әбдіғазиұлы, Тәрбие ,әлеуметтік даму және жастар саясаты департаменті директорының орынбасары Қазына Бекпенбетова және С.Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушылары қатысты.

 

Кеш модераторы, «Абайтану» пәнінің оқытушысы Гаухар Махаштың айтуынша, Абайға арнап өткізілген осы әдеби-танымдық кештің бір ерекшелігі: ақынның даналығын, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айтқызып қана қоймай, кеште алғаш рет Абайдың қара сөздерінің көркемдік қуаты, философиядағы даналық ойы, әлеуметтік және дінге көзқарастары қамтылған толық адам, жәуан мәрттілік, хауас т.б. танымы терең терминдері талданып, мәнін ашып түсіндірілді.


Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы және «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет мырза өз сөздерінде қазақ және орыс топтарында оқитын студенттерінің терминдерді еркін меңгеруіне ризашылықтарын білдірді. Мазмұны ашық, ырғақтық жаңалықтарға толы, ел жүрегінде сақталған Абай әндері шырқалып, әдеби-танымдық кештің сәнін кіргізді.

Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,
- деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгінгі күні жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек!

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

«Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы