Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
16.01.2019 Анкара мен Астана
Цифрлы технология арқылы түркілік санаға сәуле түсірмек Цифрлы жүйедегі ақпараттар тақырыбым болған соң, Түрік елінің астанасы - Анкара шаһарында үш айдай тәжірибе алып, дәріс тыңдадым. Мұнда Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының біраз шарасына қатысып, ондағы шарапатты шаруалардың шуағына шомылдым. Оңаша сәттерде отан жаңалықтарын да қалт жібермейміз. Желтоқсанның бір кешінде Qazaqstan ұлттық арнасынан Альбина Әшімнің компьютерлік қарекет жайында жасаған қызықты сюжетін көзім шалды. Бейнебаянның басты кейіпкері Әсел Лахаева замандасыммен ТҮРІКСОЙ ұйымында өткен әнші-ақын Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойында және Қазақстан елшілігі атап өткен Тәуелсіздік күні мерекесінде Қажы Байрам Вели университетінің докторанты Мырзахан Байжанұлы таныстырды.
ОNLINE мен ОРТА Online жүйесі қазір қандай да бір қызметтердің ортақ идеяда жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Үкіметтік-әкімшілік құзыреттер мен ғылыми-мәдени мағлұматтар осындай жолмен жарияланады. Елбасымыздың жылдағы Жолдаулары мен маңызды мақалаларын аймақтардың кітапханалары, оқырмандар мен әріптестер арасында осылай талқыланып жатады. Алыстағы Әсел осы байланыстардың игілігін халықаралық қатынастарда, түбі бір туысқан ұлттар арасында жандандыруды қалайды.
Әрине, әр ниеттің нәтижелі орындалуы жеке адамның өзіне байланысты болғанымен, қоршаған ортаның ықпалымен дамиды. Әсел - Жамбыл облысы Шу қаласының тумасы. Жаңа ғасыр басында Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Халықаралық қатынастар факультетін тамамдаған. Ордалы оқу ошағын бітірген жылы талабының арқасында білім грантын жеңіп алып, Түркияның Измир қаласындағы Егей университетінде екі жыл магистратура бойынша дәріс тыңдаған. Содан «Астана» телерадиокомпаниясында тілші, Мәдениет министрлігінде қызмет етеді. Туысқан елдің тілін біліп, біліміне сусындаған сол жылдары жаңа жобамен министрлікке келген түрік жігітімен танысады. Бұл Өмер Айқұрт деген азамат болатын. Көңіл қосқан жастар 2012 жылы отау құрып, Түрік жұртының ресми тұғыры - Анкараға қоныс аударады. Дәм-тұзы жарасқан екі жас енді екі елдің арасын рухани байланысумен байытпақ. Әсел де - ұлтын сүйген ұқыпты қыз, ал Өмер - Қаратеңіздің жағасындағы Самсун қаласының тумасы. Жоғары білімді азамат қазіргі таңда Түркия Мәдениет министрлігінде қызмет істейді. Ол туған қаласы жайлы тарихи деректер жинайды. Осы мақсатта 2007 жылы Түркия Республикасы мәдениет және тарих YERTAD қауымдастығын құрған. Самсун қаласы туралы жазылған тарихи деректер мен шығарылған пошта маркалары, суреттер, фильмдер, тіпті темекі сияқты тауарлардың қорабын да жинақтаған. Осы қызығушылық дами келе отау мүшелері 2015 жылдан ескі, тарихи кітаптар жинаумен айналыса бастаған. Осыдан тоғыз ай бұрын Анкарадағы қазақтың бірнеше қыз-келіншегі бірігіп «Көк ту» атты қазақ мәдени қоғамын құрған. Қоғамның ашылу салтанаты Түркиядағы Қазақстан елшілігінде өткен. «Көк ту» қазақ қоғамы аз уақытта біраз шаруа атқарыпты. Мысалы, қазақстандық режиссер Ермек Тұрсыновтың бес фильмін түрік тіліне аудартып, таныстыру апталығында оны бірнеше кинотеатрдан көрсеткен. YERTAD қауымдастығымен бірлесе отырып, Қазақстан елшілігінің қолдауымен Османлы мұрағаттарынан табылған Қазақ хандығымен байланысқан хаттары мен географиялық карталарына Анкарадағы Ұлттық кітапхана мен Қажы Байрам Вели университетінде көрме ұйымдастырған. Жас суретші, докторант Кәрім Байғұтов бауырымыздың қылқаламынан шыққан дүниелерді де көпшілікке паш етіпті. Әселдің өзі отбасылық «Тараз» фирмасы мен осы аттас баспаханаға жетекшілік етеді. Бүгінде Қажы Тепе университетінің докторанты.
E-mail мен ЕС Ежелден ерекше құрметке ие елдік есті саяси жүйенің жүз жылдықтары тіпті есеңгіретіп тастады. Кім болғанымызды, қандай тарихи мәртебеде өмір кешкеніміз жайында мәліметтерге мән бермейміз. Бәріне құлдық сана кінәлі. Енді соны қалыпқа келтіруде E-mail поштаның пәрмені мықты. Ақпарат алмасып, араласу керек. Әсел Лахаеваның жоғарыда айтылған «Тараз» баспаханасы осы күнге дейін 5-6 кітап шығарған. Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих, этнография және археология факультеті профессорларының 3 кітабын жарыққа шығармақ. Ол кітаптар түрік тіліне аударылады. Таныстыруын Түркияда жасаймыз дейді. EXPО - 2017 халықаралық көрмесінің ашылуы қарсаңында туған Тараз туралы, «Тараз ежелгі ескерткіштері» атты иллюстрациялы әдемі альбом-кітапты басып, тұсаукесерін Астанадағы Ұлттық музейде өткізген екен. Кітап төрт тілге аударылған. Сапалы аударма мәселесіне келсек, Стамбул қаласында қазақ диаспорасы бар, сол диаспора өкілдерінің күшімен шығып тұрған халықаралық «Қазақ елі» журналы түрік және қазақ тілінде жарық көреді. Сол журналдың редакторы Нұргүл Бекболова ханымның бақылауымен тәржіме жұмыстары да тамаша жолға қойылған.
Иә, сары далаға сағынышы басым, сарғайған парақтарды цифрлы технология арқылы таратудың жолы қалай деген сұрақ тұр. Әсел мен Өмер «белгіленген заңға байланысты басылғанына жетпіс жыл болмаған кітаптарды рұқсатсыз пайдалана алмаймыз, өйткені олардың авторлық құқығы бар. Жаңа кітаптарды ақы иесінің ыхтиятымен немесе баспаның сұранысымен жүзеге асырамыз» дейді.
Олар 2015 жылдан түркология тақырыбына байланысты ескі кітаптарды цифрландырумен айналысып келеді. Кітап жинақтап, оны жүйеге түсіру ісіне «Отырар кітапханасы» деп ат қойыпты. Бұл да тегін емес. XII ғасырдағы қыпшақтың Отырар кітапханасы - Александриядан кейінгі екінші құтхана. Осыдан-ақ оғыз жұртына Отырардың рухани байлығы беймәлім болмағанын байқаймыз. Бүгінге дейін 50 мыңға жуық кітап компьютердегі кеңістікке жайғасқан екен. Негізінен, отағасы о бастан коллекция жинауда тәжірибелі ғой. Ескі кітаптардың денін шет елдер мен түркі жұртындағы жекеленген жандардан аукцион арқылы алады. Алтайдың арғы бетіндегі Моңғолия, Қытайдағы қандастарымыздан осы уақытқа дейін отызға тарта құнды кітап түскен. Олар төте жазудан аударылса, кейбір келген тарихи жәдігерлер латын әрпімен басылған. Бәрін ұлттық мүддеге ұқыпты пайдалануға тырысады. Мысалы, қытай кітапханаларынан табылған «Алашорда» яғни, Алаш зиялыларының да жазбалары бар.
«Біздің бұл ісімізге бір құдіретті күш демеу берді, өйткені осы жылы 21 қарашадағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты рухани мақаласы үмітімізге үлкен демеу болды. Онда мұрағат ісіне байланысты «Архив - 2025» бағдарламасы біздің талпынысымызға сай келеді. Бізге Қазақстандағы Ұлттық кітапханадан бірлесе жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Әрине, біз мұны қуана-қуана қабыл алдық. Енді келер жылдың басында меморандумға қол қоюға Астанаға барамыз», - дейді Әсел. DIGITAL және ЖАДЫ Тәуелсіздікке қол жеткізгелі «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында біршама шаруа жасалды. Қазақ хандығының 550 жылдығы келешек ұрпақ санасына жадыны жаңғырту болатын. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Мәңгілік Ел идеясын игілікке айналдырудың бірден бір жолы. Биыл күзде барша Қазақ елі мен бізге тілеулес, туыс халықтардың арасында үлкен талқылау мен қолдауға ие болған «Ұлы даланың жеті қыры» атты дүниесі елдің рухани болашағының бағдар-бағыты іспетті. «Темірді қызуында соқ» дегендей Өмер мен Әсел замандасымыздың бұл еңбегі ұлттың ұлықталуына қосқан қомақты үлесіне айналмақ. Олар үш жыл бойы түркі дүниесіне байланысты қаншама құнды дүниені цифрлап үлгерген.
«Күніне қолымызда болса 20-30 кітапты цифрлы технология арқылы «сиқырлы» сандық ішіне орналастырамыз», - дейді Әсел.
Өмердің жұмыс бөлмесі небір жәдігерлерге толы, жеке папкаларда әртүрлі мәліметтер топтастырылса, қобдишаларда ежелгі монеталар мен Түрік билігі тұсындағы қағаз ақшалар, облигациялар, маркалар мен күнтізбелер сақталған. Соның бірі - Ататүріктің кезінде айналымға кіріп, өзі өмірден өткен кезеңдегі бес лиралық түрік купюрасы болды. Оның тура ортасына бөрі бейнесін салыпты, кейін Түрік басшысы дүниеден өткен соң белгісіз себептерге байланысты алынған екен. Осыдан-ақ бөріні еміп, оны тотемдік сенімге айналдырған түркішілдік идеясын көреміз.
Бірінші Дүниежүзілік соғыстан айтарлықтай шығынға ұшырап жатса да, Түрік басшысы Мұстафа Кемал Ататүрік өздерінен шыққан білімді азаматтарды Орталық Азияға жіберген, онда сол аймақтардың топонимикалық-географиялық қарталары мен мекендердің аты-жөндері жазылған жазбалары бар. Ол кезде сол маңайды түгел Түркістан аймағы дейді екен. Ататүріктің өз кітапханасынан алынған «Қазақ, өзбек, татар жерлері» атты кітапты көрсетті. Аукционнан алынған кітаптар ішінде Ресей құрамында құрып кетуге айналған туыстарымыз тыва, саха, шор сияқты халықтар туралы жекеленген жандар арнайы тапсырған деректер де бар. Оның ішінде ұмытылуға айналған Якут грамматикасы, Тыва елінің фольклоры жатыр. Ресейдің отарлау саясаты көптеген мәліметтерді түпнұсқасынан айырып шұбарлама тілмен түрлендіріп жібергенге ұқсайды. Шырмалған түркілік шежіремізге үңіле түссек, ықылым замандардағы XIII ғасырға тиесілі түркілердің тірлігі турасында шағатай тіліндегі жазбалар да кездеседі. Кітапқұмарлар коллекционерлерден келген шет ел саяхатшыларының жазбалары тіпті құнды. XII ғасырдағы француз саяхатшысының Орталық Азияны аралағаны, сол кезеңдегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қарындашпен салған суретін көрсетті. Сондай-ақ жоғарыда айтып, арнайы танымдық көрме ұйымдастыруға себеп болған Османлы мұрағаттарынан шыққан шынайы деректері тұр. Онда екі елдің сұлтандары мен хандары алмағайып заманда ақпарат алмасып, хат алысып, бір-біріне сый-сыяпат жасап тұрғанға ұқсайды. Осы деректердің барлығын сайттан таба аласыз.
Сайтта кітаптың алынған жері немесе тапсырған адамның аты-жөні аталады. Мәліметтер үш тілде қалаған жанның қызметіне дайын. Өмер Айқұрт пен Әсел Лахаеваның жұмыстары жанға жылу, болашаққа сенім ұялатады. Қаңтар айында екі елдің мәдени байланыстары жайында меморандумға қол қойылып, шарапатты шарттар күшіне енсе, бабалар аңсаған мыңжылдықтың аманаты Алаш еліне мұқабасыз жетпек.
@ - АЙҚҰЛАҚ Сөйтіп, екі жастың көңілі жарқын келешекті аңсаған екі туысқан елдің арасына алтын көпір орнатпақ. Бір қызығы, Өмер туған - Самсун қаласы да, Әселдің төркіні - Тараз шаһарының да 2000 жылдық тарихы бар. Бірі Қаратеңіз жағасындағы небір жаһандық жағдайларға араласса, бірі Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Қысқасы тарихи құрдас мекендер сүйек жаңғыртқан құда десек те болады. Екеуінің ортасында Тұран атты тұрымтайдай ұл бар. Кішкентайынан әке-шешесінің қолында небір шарапатты шараларға қатысып, шираған жеті айлық Тұран үйге келгендерді жатырқамайды. Ықылымнан бері ырымшыл халықпыз ғой. Баланың атын да азан шақырып, екі елге ортақ етіп, Тұран деп қойған соң ата жолынан аттап кете алмапты. Әсел баланың кіндігін ырымдап үш жерге көмді дейді. Бірі Орхон мен Енесай өзендері жағасында жаһан жұртына түркілік рухты паш еткен Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштерінің топырағы болса, бірі Тұран ойпаты төрінде орналасқан Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңына, үшінші бөлігін Түріктің туын Азия мен Еуропаның ортасына қадап, рухын көтерген Ататүріктің қабір-бағына жасырған екен. Ырымға тағы тартылсақ, келер жылы тәңір жарылқаса, Тұранның тұсаукесері болмақ, оның өзі баланың нағашысы, исі түркі бауырларымыздың дәйегі мен дерегіне демеу болған Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының басшысы Дүйсен Қасейінұлының қолымен атқарылмақ. Яғни, түркілік санаға сәуле құяр сайт пен тәй-тәй басқан Тұран жиеніміздің тұсаукесері тұспа-тұс келеді.
Еуразия құрлығында екі жүз миллоннан аса түркілік туыстарымыз бар екен. Жаһандану дәуірінде туын берік ұстаған ұлттар салтанат құрары сөзсіз. Бірі төрт айдынның жағасында айлы-жұлдызды қырмызы байрақты биікке көтерсе, оның солтүстік шығысындағы Қап тауы мен Хазар теңізінің ар жағынан күнге самғаған қыранды көк туымызбен біз де белсенділік танытарымыз анық!
Авторы: Ләззат Қожахметова 16.01.2019 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|