Оқытушы-ғалымға-құрмет
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Құқық және экономика институтында «Ұлттық экономиканы модернизациялау жағдайындағы Қазақстанның лизгингтік нарығы» тақырыбында Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әділбек Смағұлұлы Смағұловтың ғылыми-педагогтік қызметінің 40-жылдығына және 65 жасқа толуына арналған дөңгелек үстел болып өтті. Бұл мәжіліске Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры, т.ғ.д., профессор Сабри Хзметли, Қазақстан генералдары кеңесінің төрағасы, генерал-майор Р.Е.Хайдаров, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры з.ғ.д., профессор, ҰҒА академигі С.С.Сартаев және Қазақстанға белгілі қөптеген ғалымдар мен университет басшылары, профессор-оқытушылар, сонымен қатар бір топ студенттер қатысты. Дөңгелек үстелді Абай атындағы ҚазҰПУ ғылыми ісі жөніндегі проректор Н.В.Косов жүргізіп отырды. Мәжілісте сөз алған Құқық және экономика институты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент М.Ә.Қанабекова экономика ғылымдарының докторы, профессор Ә.С.Смағұловтың өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері тақырыбында баяндама жасады. Ә.С.Смағұловтың ерен еңбектерімен жас ұрпақты жарқын жолға бастап қоғам дамуына әлі де өз үлесін қосарына, талай шәкіртті ұядан ұшырарына сенеміз деп сөзін аяқтады.
Баяндамадан кейін университеттің Мәдениет басқармасының қызметкерлерінің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйі қонақтардың көіңлін бір көтеріп тастады. Тамаша кйден кейін сөз алған генерал-майор Р.Е.Хайдаров, з.ғ.д., профессор, ҰҒА академигі С.С.Сартаев және т.ғ.д., профессор Сабри Хзметли бастаған бір топ ғалымдар профессор Ә.С.Смағұловты бүгінгі мерейлі мерекесімен құттықтап сый-құрметтерін жасады. Сөз соңында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Н.В.Косов ректордың құттықтауын жеткізіп мерейтой иесіне университеттің «Үздік ұстаз» медалін тапсырды және иығына шапан жапты.