Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
29.01.2019 Физиканы қалай оқыту керек?
Былтыр өзінің 90 жылдығын елімізде кеңінен атап өткен қара шаңырақ Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Математика, физика және информатика институтында «Физика пәнін мектеп қабырғасында оқытудағы түйткілді мәселелер: инновациялық идеялар және білім беру бағдарламалары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті. Шараға еліміздегі бірқатар ұлттық университеттер мен ұлттық ғылым академиясының ғалымдары, педагог мамандары және Алматыдағы бірқатар мектептің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Н.Такибаев, Математика, физика және информатика институты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ш.Хамраев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор М.Молдабекова, Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Б.Кронгарт баяндама жасады.
Алматыдағы №134 лицей директоры В.Шилеев, физика пәнін тереңдетіп оқытатын №90 орта мектеп директоры К.Өмешбаев қатарлы азаматтар өздері басқаратын мектептерде физика пәні қалай оқытылатындығы жайымен ой бөлісті. Орта мектеп қабырғасында оқушыларға физика пәнін үйретуде Кеңес заманын еске түсіретін ескірген, көбі істен шығып қалған физикалық құрал аспаптармен жабдықталған зертханалардың болуы бүгінгі күннің талабына сай еместігі тілге тиек етілді. Сондықтан оның орнына физикалық заманауи құралдармен жабдықталған жаңа зертханалардың болуы оқушыларға пәндік тақырыптарды еркін, жеттік меңгерту ісіне оң әсерін тигізетіні айтылды. Мысалы, Еуропа елдері тіптен Ресейдің кейбір лицей, орта мектептерінде физика пәнін оқыту бағдарламасына сай нанотехнология, робот техникасы секілді пәндер оқытылып соған сай заманауи құралдармен жабдықталған зертханалар болса, біздегі мектептерде бұл пәндер мүлдем оқытылмай отыр.
Дөңгелек үстелге қатысушылар болашақ физика пәнінің мұғалімдерін даярлау ісіне аса көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Мұнда физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіруші ЖОО-ның түлектері өз ісінің мықты маманы, терең білімді болуымен бірге физика пәнін үйретуде қазіргі заман талаптарына сай инновациялық тәсілдерді жетік меңгерген болуы қажет деп атап көрсетілді. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың педагог мамандары тарапынан физика пәні бойынша орта мектептерде оқытылатын оқулықтарды бүгінгі күн талабына сай қайта қарап, кем кетігін толықтыру жағынан және физика пәнінің мұғалімдеріне пәнді үйретуде әдістемелік жағынан көмек қолын созу қажеттігі айтылды.
Авторы: Досан Баймолда, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, физика ғылымының PhD докторы 29.01.2019 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|