Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
07.02.2019 «Ой-пікірлер түні» студенттер француз тілінде ақпарат алмасты
«Ой-пікірлер түні» - әлемнің түкпір-түкпірінде қазіргі заманғы озық ойға және халықаралық деңгейде ой-пікірлер алмасуға арналған, француз тілінде сөйлейтін барлық мемлекеттерде кеңінен танымал әлемдік деңгейдегі іс-шара. Заманауи маңызды мәселелерді талқылауға зияткерлердің, ғалымдардың, суретшілердің, сондай-ақ қоғам қайраткерлерінің басын қосатын шара аясында қатысушылар пікір алмасып, инновациялық технологиялармен бөлісе алады.
«Ой-пікірлер түні» халықаралық іс-шарасы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сорбонна-Қазақстан институтында да жалғасын тапты. Іс-шараны ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев, Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сәбитова және Қазақстандағы Франция елшілігінің атташесі Жиль Маметц жүргізіп отырды.
«Ой-пікірлер түнінде» университет ректоры Такир Балықбаев, Алматы қаласындағы Француз Республикасының Бас консулы Алексис Шахтахтинский, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Алматы қалалық сотының Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі басқармасының төрағасы Бахыт Қасейнов, Француз сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті Кристоф Пелиссон, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің ректоры Нұрлан Жайнақбаев, «Орталық клиникалық аурухана» АҚ клиникасының вице-президенті Шолпан Аюпова жастарға құттықтау лебіздерін жолдады.
Француз тілінде өз жобаларын қорғаған студенттер мен магистранттардың «Бүгінгі заманға сай серпіліс» тақырыбы көпшілік назарына ұсынылды.
Қазақстандағы «Русский Регистр» сертификаттау қауымдастығының директоры Біржан Жантуаров Сорбонна-Қазақстан институтының басшылығына «Сапа расталған» сертификатын табыс етті.
Халықаралық шара барысында Сорбонна-Қазақстан институтының қазақстандық серіктесі - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры ұсынған «Белгісіз Қазақстан» жас суретшілердің фотокөрмесі, сондай-ақ Нұрлан Қилыбаевтың «Мың бояулы ұлы дала» көрмесі үлкен қызығушылық туғызды. Философия докторы, дизайн кафедрасының доценті Раушан Қанапянованың жетекшілігімен өткен «Шаңырақ» және «Жер Ана» сән көрсетілімдері көпшіліктің көңілінен шықты.
Шара соңы университет студенттерінің қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесін, арнайы дайындалған концерттік бағдарламаны, сондай-ақ француз тілінде фильмдер тамашалаумен жалғасын тапты.
Авторы: Эльвира Серікқызы 07.02.2019 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|