«Менің пірім - Сүйінбай» халықаралық жас ақындар айтысы
2024 жылдың 22-23 ақпанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Менің пірім - Сүйінбай» дәстүрлі VIII халықаралық жас ақындар айтысы өтеді.
Жас ақындар айтысының мақсаты - айтыс өнерін жастар арасында кеңінен насихаттау, ақындық дәстүрді жаңғырту, жас ақындардың қабілеттері мен шешендік өнерін шыңдау, олардың көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау, төл өнерімізді дәріптеу.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін жыр додасына еліміздің ЖОО-ның жас жүйріктері мен Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан сынды шетелден келетін жалпы саны 40-қа жуық ақындар қатысып, бақ сынамақ. Биыл қазақтың үш бәйтерегі Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына арналып жатқан аламан айтыс екі кезеңнен тұрады. Іріктеу кезеңі - 22 ақпан күні, сағат 10:00-де Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Бас оқу ғимаратында өтсе, Қорытынды кезеңі - 23 ақпан күні, сағат 14.00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының қолдауымен, «ASSYLTAS» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тастекеевтің демеушілігімен өтетін шараға: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Отан» орденінің иегері, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» РҚБ Басқарма төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев, Алтын домбыра иегері, Айтыстың ақтаңгері Еркебұлан Қайназаров, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы қазылық етеді. Ал сөз бәйгесін айтыскер ақын, О.Досбосынов атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Шұғайып Сезімханұлы жүргізеді.
Өтетін орны: Айтыстың іріктеу кезеңі: Алматы қаласы, Достық 13 көшесі, «Абай атындағы ҚазҰПУ» Бас оқу ғимараты, №225 конференция залы
Қорытынды кезеңі: «Алатау» дәстүрлі өнер театры
Өтетін күні: 22-23 ақпан 2024 жыл
Өтетін уақыты: 22 ақпан, сағат 10:00, 23 ақпан, сағат 14.00.
Ұйымдастырушылармен байланыс: +7 707 244 24 00 Айман Мұратқызы, +7 775 776 38 02 Шұғайып Сезімхан