қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
19.03.2019

Бәрі де халықтың қамы үшін

 



Қазақстан халқы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елге деген қамқорлығын күнбе-күн сезініп келеді. Оның жыл сайынғы Жолдаулары, басқа да ресми бағдарламалары қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып отырғаны белгілі. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» да осы қамқорлықтың бір парасы екенін жақсы білеміз. Бұл бастама бойынша жас отбасыларды қолжетімді баспанамен, жұмыспен, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер қолға алынған болатын.

 

Әр жыл тарихқа өз өрнегін салады, әр кезеңнің өзіне тән арқалайтын жүгі бола­ды. Биылғы 2019 жылдың алғашқы айлары да Мемлекет басшысының елге деген қам­қорлығын жаңа қырынан көрсеткен айтулы кезең болды. Атап айтқанда, «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде оның Төрағасы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған «Бақуатты қоғам: онжылдықтың он мақ­саты» бағдарламасы қабылданғанын жа­рия­лағаны халқымызды зор қуанышқа бөледі. Өйткені, бағдар­ламаның атауы айтып тұрғандай, «бақуатты қоғам» құруға талпыныс Елбасының елге деген жанашыр­лығының айғағы. «Бақуатты қоғамға» жету үшін халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайы жоғары деңгейде болуы тиіс. Сондықтан да Президентіміз Н.Ә.Назар­баев осы бір әлеуметтік мәселені түбегейлі шешу үшін күш-жігер жұмсауда. Бұған оның «Nur Otan» партиясының осы съе­зінде сөйлеген сөзі тағы да бір дәлел. «Бү­гінде қазақстандық отбасылардың әл-ауқат деңгейін көтеру шараларын күшейту маңызды. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда жұмыс істейтін 1 миллионнан астам аза­мат­тық қызметшілерді тікелей қамтиды», деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы 2019 жылғы 1 шілдеден бастап бюджеттік саланың төмен жалақы алатын жұмыс­керлерінің еңбекақысын 30 пайызға дейін артыруды; аудандық, облыстық деңгей­лерде тікелей азаматтармен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі қызмет­керлерінің еңбекақысын орташа 25 пайызға көтеруді тапсырды. Бұл мақсаттарға 2019-2021 жылдары қосымша 980 миллиард теңге бөлінетін болады.

 

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту қажеттігін назарға салды. Балалы отбасыларын қолдау үшін жыл сайын 500 млрд. теңгеден аса қаржы бөлінеді. Бұл отбасылардың табыс деңгейі әр түрлі. Сон­дықтан мемлекет бірінші кезекте табысы төмен отбасыларға айрықша қамқорлық танытып, назар аударуы қажет. Осылай деген Елбасы аз қамтылған, әсіресе, көп­балалы отбасыларды қамту аясын кеңейту үшін Үкіметке атаулы көмек көрсету өл­шемдерін ең төменгі күн көріс шегінен (14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін) 70 пайызға дейін арттыруды тапсырған бола­тын. Қазір осы төлемдерді 1 сәуірден бас­тап жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.

 

Осы съезде Мемлекет басшысы білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту және тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды да белсендіру керектігін қадап-қадап айтты. Соның ішінде, әсіресе, білім беру сала­сындағы реформаларды тиісті нәтижелерге жеткізу қажеттігіне назар аударды. Оқыту мен тәрбиелеудің инновациялық техно­логияларын игеру, жастарға сапалы білім беру және оларды жұмысқа орналастыру мәселесін тиімді шешуді ұсынды. Еліміздің әрбір адамы білімді және денсаулығы мықты азамат болуы тиіс. Сондықтан Елбасы халыққа медициналық қызмет көрсетудің қолжетім­ділігін қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Сонымен бірге, съезде сөйлеген сөзінде Президентіміз адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты нақтылы шараларды жүзеге асыруды назарға салды. Бұл үшін өңірдегі жолдардың сапасын жақсарту, тұрғындарды таза ауызсумен, табиғи газбен және электр қуатымен жет­кілікті қамтамасыз ету, жергілікті бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелерін ойдағыдай шешу қажет. «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру, оны қаржыландыру міндеті Үкіметке тапсырылды.

 

Әрине, мұның бәрі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған еліне жасап отырған жақсылығы мен қамқорлығының бір көрінісі ғана. Ал оның тәуелсіздік жылдарында ел үшін еткен еңбегіне сан жетпесі анық. «Елін сүйген, Елі сүйген Елбасы» қашан да өз халқымен бірге. Әрдайым оның ұстанған бағытын қолдау «Nur Otan» партиясы мүшелерінің азаматтық парызы деп білемін.

 

 

Авторы: Такир Балықбаев,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор

19.03.2019 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz