қазақша · русский · english
 
 
 
24.12.2025

ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА АРНАЛҒАН ACADEMIC TALK


 Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Бастауыш білім беру» кафедрасында жас ғалымдарды қолдауға және олардың академиялық жазу мен генеративті жасанды интеллектіні тиімді қолдану саласындағы құзыреттерін дамытуға бағытталған Academic Talk форматындағы ашық кездесу өтті. Шараның спикері – Кентукки университетінің (АҚШ) профессоры, PhD Бахыт Әліпова. Кездесуге «Бастауыш білім беру» кафедрасының магистранттары мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Профессор Әліпова зерттеу жұмысын жоспарлау үдерісінің құрылымын (Research Proposal Process) таныстырып, қазіргі AI құралдарының жас ғалымдарды ғылыми жоба дайындаудың барлық кезеңінде – тақырып таңдаудан бастап, әдебиет талдауы мен зерттеу мәтінін рәсімдеуге дейін – қалай қолдай алатынын түсіндірді. «Research Proposal Process with genAI Support» слайды негізінде жасанды интеллектінің зерттеушіге зерттеу сұрақтарын қалыптастыру, теориялық негізді анықтау, ғылыми дереккөздерді табу және жүйелеу, идеяларды генерациялау, методологияны дамыту және мәтіндік материалдарды дайындау сияқты маңызды кезеңдерде көрсететін көмегі жан-жақты қарастырылды.

Кездесу барысында қатысушылар жас зерттеушілердің жұмысын айтарлықтай жеңілдететін өзекті цифрлық құралдармен танысты. Олардың қатарында мәтіндерді талдау және материал дайындау құралы ретінде NotebookLM, ғылыми мақалаларды түсіндіру және әдеби шолу жасау платформасы ретінде SciSpace, дереккөздердің сапасын цитаталар контексі арқылы бағалауға мүмкіндік беретін scite_, сондай-ақ гипотеза генерациялау, деректерді талдау және ғылыми мәтіннің бастапқы нұсқасын әзірлеуге арналған Research Sage сервистері бар. Бұл құралдар ғылыми зерттеуді жаңа бастаған жас ғалымдар үшін қолжетімді әрі практикалық көмекші ретінде ұсынылды.

Профессор жасанды интеллектіні ғылыми жұмыста қолданудың этикалық қырларына ерекше назар аударды. Тиімді сұраныстар (prompts) құрастыру қағидалары, генерация нәтижелеріндегі жиі кездесетін қателерді болдырмау тәсілдері, ИИ-материалдарын академиялық талаптарға сай рәсімдеу және жасанды интеллектінің ғылыми мәтін авторы бола алмайтыны туралы маңызды тұстар талқыланды. Профессор жастардың цифрлық құралдарды қолданғанда сыни ойлау мен академиялық адалдықты сақтаудың маңызын атап өтті.

Academic Talk магистранттар мен кафедраның профессор-оқытушылар құрамы үшін қазіргі заманғы зерттеу әдістерін тереңірек түсінуге, халықаралық тәжірибемен танысуға және генеративті ИИ құралдарын қолдану дағдыларын дамытуға мүмкіндік берген маңызды шара болды.

 

 

  alt=  


  alt=  



  alt=  





Кері оралу