қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
23.09.2015

Тілдер мерекесі


Біздің елімізде тілдер мерекесі биыл 26-шы рет аталып өтіп отыр. Ата заңымызда қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі ресми қарым-қатынас тілі болып жарияланып, елімізде «Тіл туралы» арнайы заң қабылданғаннан бері тілдерді дамыту жөнінде көптеген игілікті істер атқарылды. Бұл заң мемлекеттік және ресми тілдермен бірге Қазақстанды мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың тілдерін дамытуға, ол үшін барлық жағдайларды жасауға кепілдік береді. Сондықтан бүгінде елімізде ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, тілдерін дамыту мақсатымен Қазақстан Халқы ассамблеясы, оның аясында жүздеген ұлттың мәдени орталықтары құрылғаны белгілі. Осы орталықтардың бәрі де өз мәдениеті мен тілдерін өрістетумен бірге Президентіміздің ұлтаралық бірлік пен татулықты сақтау жөніндегі сара саясатын жүзеге асыруға, Қазақстанда тұрақтылықты нығайтуға қызмет етіп келеді.
Сонымен қатар бүгінде елімізде «үштұғырлы тіл» саясаты жүзеге асырылуда. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «... үш тілді-мемлекеттік тілді, орыс тілін және ағылшын тілін игергеніміз өте дұрыс. Соның ішінде біздің мемлекеттік тіліміз қатар келе жатыр. Біз осылай үштұғырлы тілді қолдансақ, түбінде біздің жолымыз ашық болады. Мемлекеттік тіл мен ресми тілді игерумен қатар ағылшын тілін жақсы меңгеріп жатсақ, өркениеттер көшінен қалыспайтынымыз анық. Ағылшын тілін дүние жүзі халқының 70 пайызы қолданады. Ол - ғылым мен білімнің, ақпарат құралдарының, интернеттің, медицина мен мәдениеттің тілі»,- деді. Сондықтан біздің елімізде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар меңгеру аса қажеттіліктен туып отыр. Көп тіл үйрену қазақ елі азаматтарының интелектуалды тұлға болып қалыптасуына жол ашатын зор мүмкіндік.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тәрбие жұмысы, жастар саясаты және мемлекеттік тілді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан халқының Тілдері күні» мерекесіне орай «Тіл -халықтар достығының алтын діңгегі» атты салтанатты іс-шара болып өтті. Мерекені университет ардагерлер кеңесінің төрағасы, биология ғылымдарының докторы, профессор Шілдебаев Жұмаділ Байділдәұлы ашты. Ол мерекеге жиналған студентер мен профессор-оқытушылар құрамын Тіл мерекесімен шын жүректен құттықтап, бүгінгі тілдер мерекесіне орай ұйымдастырылған сайысқа қатысушы институттардың талантты студенттеріне ақжол тіледі. Университетіміздің институттарының студенттері елімізді мекендейтін әртүрлі ұлттар мен этностардың ұлттық киімдерін киіп, сол ұлттардың салт- дәстүрлерін, өнерлерін көрсетуден, ұлттық тағамдарын таныстырудан жарысқа түсті. Өнер мәдениет және спорт институты орыс халқының, Қазақстан-Сорбонна институты француз халқының, Көптілді білім беру институты қытай халқының, Педагогика және психология институты ауған халқының, Құқық және экономика институты өзбектердің, Жаратылыстану және география институты түріктердің, Математика, физика және информаитка институты кәрістердің, Филология институты өзіміздің қазақ халқының ән, би өнерлерін ортаға салып, алаң үстін думанға бөледі.
Қазылар алқасы ұлттық салт-дәстүрлер мен өнер байқауында «Педагогика және психология», «Математика, физика және информатика», «Филология және көптілді білім беру», «Құқық және экономика», «Өнер, мәдениет және спорт», «Жаратылыстану және география» институттарының студенттері асқан белсенділігімен көзге түскенін атап көрсетті. Жеңімпаздарға І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломмен қатар ақшалай сыйақы берілді. Бас жүлдені жеңіп алған Филология институты студенттеріне І дәрежелі дипломмен қоса 10000 теңге сыйақы тапсырылды. Сондай-ақ тілдер күні аясында жарияланған апталықта тілге байланысты дөңгелек үстелдер өткізілді.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың

Баспасөз орталығы