қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
12.04.2019

«Цифрландырылған ғылым-білім» интеллектуалдық сайысы

 

2019 жылдың 11 сәуірінде университетіміздің «Ғылым онкүндігі-2019» аясында Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасы және Педагогикалық STEM-парктың ұйымдастыруымен институтымыздың 3-курс студенттері арасында «Цифрландырылған ғылым-білім» тақырыбында интеллектуалдық сайыс өтті.

 

Іс-шара мақсаты - студенттердің шығармашылық қабілеттерін ашу, оларға қолдау көрсету, интеллектуалдық әлеуетін дамыту, қазіргі заманның ғылыми мәселелерін цифрлық технологияларды пайдалана отырып шешуге студенттер мен жас ғалымдарды жұмылдыру, ғылымға қызығушылығын арттыру, сонымен қатар әл-Фарабиден қазірге дейінгі ғылымның дамуы туралы ақпаратты жас буын бойында қалыптастыру болып табылды.

 

Сайысқа институттың 3 курс студенттерінен жасақталған 6 команда: «KEY TO LIFE», «KINEST», «ТУРБО», «SMARD DREAMS», «TRANSFORMERS» және «МАТЕМАТИКТЕР» қатысты.

 

Сайыс барысында Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасы мен педагогикалық STEM-парктің ғылыми жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды, сондай-ақ көрмеге  студенттердің өз қолдарымен жасалған роботтары, «Ақылды үй», «Ақылды себет» тәрізді жұмыстары қойылды.

 

Интеллектуалдық сайысты Математика, физика және информатика институтының директоры Мұрат Бекпатшаев ашты. Институт директоры іс-шараның университеттің талантты шәкірттеріне қолдау көрсету, сонымен қатар Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Алдағы уақытта талантты жас ғалымдардың өз шығармашылық қабілетін шыңдауына қолдау көрсету үшін интеллектуалдық сайыстардың тұрақты түрде өткізілетіндігін айтты.

 

Сайысқа қатысушы командалардың сайысына баға беретін әділ қазылар төрағасы Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының меңгерушісі Есен Бидайбеков кафедра ұжымы мен Педагогикалық STEM-парктың директоры Ерболат Жаменкеевтың, студенттердің интеллектуалдық түрлі жобаларды қолға алып жатқанын айтып, қазір өздігінен қозғалатын, компьютерлік бағдарламаның көмегімен түрлі әрекеттерді жүзеге асыратын роботтарды құрастырып жатқанын, алдағы уақытта Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасы және Педагогикалық STEM-парктың ұйымдастыруымен құрастырылған робототехникалардың туындыларымен және оның мүмкіндіктерін кеңінен таныстыратынын айтты.

 

Сайыс жұмысы ІІ-кезең бойынша өтті.

 

І-кезең - «Robot-Battle» роботтар сайысында әр команданың құрастырған роботтары белгіленген нүктелер арқылы қара сызық бойымен жүру, екіншіден, шеңбер ішінен бірін-бірі сыртқа шығару, яғни робот сумо деп аталатын саты бойынша командалар өз өнерлерін көрсетті. Бұл кезеңде жоғары нәтижеге қол жеткізген 4 команда келесі кезеңге жолдама алды.

 

ІІ -кезең - «Әл-Фарабиден цифрландыруға дейін» деп аталатын сұрақ- жауап сайысына 4 команда өз білімдерімен бақ сынасты.

 

Сайыс нәтижесі бойынша Ақжолтай Тұрғанбайұлы, Айбар Бақдәулет, Ернұр Жаңабай секілді жастардан құралған «ТУРБО» командасы 3-ші орынды, Жанна Орынбек, Мейіржан Жарқынбек, Айдос Садық сияқты жастардан құралған KEY TO LIFE командасы 2-ші орынды, Бағила Әбдіқалықова, Айгерім Түленді және Жәнібек Әбіл «SMARD DREAMS» командасы 1-ші орынды иеленді. Институт директоры Мұрат Бекпатшаев жарысқа қатысқан барлық студенттерге алғысын білдіріп, барлығына құттықтау марапаттарын тапсырды.

 

 

   

 

   

 

   

 

  

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім