Кафедра тынысы
Урбандалу - ұлттық экономиканың қозғаушы күші Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институтының Елтану және туризм кафедрасында 2017 жылдың 30 қазанында доцент, г.ғ.к. Қастер Сарқытқанның ұйымдастыруымен "Урбандалу - ұлттық экономиканың қозғаушы күші" тақырыбындағы дөңгелек үстел болып өтті.
Латынға көшу - рухани тәуелсіздіктің бір терезесі ме? 2017 жылдың 18 қыркүйек күні университетіміздің Жаратылыстану және география институтының «Елтану және туризм» кафедрасының доценті Сарқытқан Қастердің ұйымдастыруымен ел болашағының бағытын айқындар жолда өзектілікке ие боп отырған латын әліпбиіне көшу мәселесін алға тартып, 6М011600-география мамандығының 2-курс магистранттарына ««Таза ауа жұтам деген адам терезені ашады» немесе латынға көшу - рухани тәуелсіздіктің бір терезесі ме? - жастар жанарымен» тақырыбында ашық есік жағдайында сабақ өткізілді. Еліміздің ғылым-білім саласымен қатар халқымыздың тарихы мен әдебиетіне, мәдениеті мен өркениетіне, бастысы қазіргі қоғамның санасына ықпал етер латын әліпбиіне көшу мәселесінің түп төркінінде саяси, рухани тәуелсіздігіміз бен тіл тазалығы сынды себепті «сылтаулар» жатқаны белгілі. Сондықтан осы ғасырдың басында елбасы тарапынан ұсынылып, кейін тартыс тудырған тың әліпбиге көшу бағытында соңғы жылдары нақтылы шешімдер қабылданып, 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу қажеттігі туындап отыр. Аталмыш шараға профессор, г.ғ.д. Бахадурхан Шарипович бастаған «Елтану және туризм» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен қатар ел ертеңі үшін еңбегі елге сіңген, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы қатысып, осы тақырып төңірегінде өткір ойларын ортаға салды. Сабақ барысында Қастер ағайымыз магистранттарға тіл дегеніміздің түпкі мағынасын түсіндіре отырып, қазақ тілінің мәртебесіне, қазақ халқының жазу тарихына қысқаша тоқталып, латынға көшудегі заман талабы мен көлденең кездесетін қиындықтарды көрсетті. Латын әліпбиін қолдайтындығын ашық білдірген 1-курс магистранты Айсана Саматқызы күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген жазулардың басым бөлігі латын әліпбиіне негізделгендігін нақтылап, мысалдар келтіре отырып, қоғамның жаңа әліпбиді қабылдауында қиындықтар туындамайтындығын айтты. Осы пікірді қолдаушы өзге де магистранттар нақтылы мысалдармен өз ойларын көпшілікке ұсынды. Аталмыш ой-пікірлерге профессор-оқытушылар құрамынан Д.Джангельдина, С.Әбілмәжінова пікір білдіріп, әліпбиге көшудің саясатпен тікелей байланысына мысалдар келтіріп, тарихта бұл әліпбидің қолданыста болғандығын алға тартып, қоғам үшін қиындық тудырмайтындығын тағы айтты. Сабақты Қастер Сарқытқан қорытындылап, ғылым мен білімді қатар ұстаған ойлары озық 2-курс магистранттарының қоғамға аса қажет пікірі мен құнды ойларының маңыздылығын тағы бір мәрте ескертіп, латынға көшуді қолдауға бір ауыздан шешім қабылданды. Сабақ барысында бірнеше мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы жыр жинағын топ магистранты Әйгерім Төлегенге тапсырды.
Ал, топ магистранты Нұрдаулет Нұрмахамбетұлы аталмыш игі бастаманы жалғастыруды әлеуметтік желілер арқылы өзге білім ордаларының жастарына ұсынды.
«География мен туризмнің өзекті мәселелері» Жаратылыстану және география институтының «Елтану және туризм» кафедрасында 5 мамыр 2017 жылы 616 аудиторияда кезекті «География мен туризмнің өзекті мәселелері» әдістемелік семинардың отырысы өтті. Семинарға қатынасқан профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар, студенттер «Менің Қытаймен кездесуім» тақырыбында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры С.А.Құсайыновтың дәрісін тыңдады.
Қазақстан бір ғасыр аясында... 2017 жылдың 12 сәуір күні университетіміздің Жаратылыстану және география институтының 6М011600-география мамандығының 1 курс магистранттары және топ эдвайзері, доцент Сарқытқан Қастер Алашордадан бергі 100 жылдық тарихымызды парақтап, болашаққа бастар бүгінімізді саралап, «Қазақстан бір ғасыр аясында: Алашордадан - «EXPO-2017»-ге дейін» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Ғылым мен білімді қатар ұстаған ойлары озық 1 курс магистранттары тың бастаманы қолға алып, күні кеше игі шара өткізді. Аталмыш шараға профессор, г.ғ.д. Бахадурхан Шарипович бастаған «Елтану және туризм» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен қатар ел ертеңі үшін әр салада еңбектері елге сіңген, осы тақырып төңірегінде зерттеулер жүргізіп келе жатқан Руда Зайкенова, Талғат Айтбай сынды зиялы қауым өкілдері мен үлкенге айтар сыры, жастарға айтар өткір ойлары бар Саят Қамшыгер, Жортулы Толымбек, Қуаныш Біләл мырзалар қатысты. Дөңгелек үстел барысында Қыздар университетінің ұстазы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенова жақында жарық көрген Алаш қозғалысы қаламгерлерінің өмірі жайлы «ХХ ғасыр басындағы әдебиет және Алаш ұстанымы» атты Алашорданың 100 жылдық мерейтойына арнайы жасалған тарту еңбегінен тың мәліметтер келтіре отырып, жастарды ұлтшылдыққа, ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қызығушылық таныта отырып, тәрбиелеуге шақырды. Өткен ХХ ғасыр әлем тарихында екі бірдей дүниежүзілік соғысымен есте қалса, еліміз үшін тәуелсіздігінің тұңғыш парағы жазылған Желтоқсан көтерілісімен еске түседі. 1986 жылдың желтоқсанында бодандық құрсауын бұзуға ұмтылған қара қазақтың қайсар ұл-қыздарының ақиқат астарын ұғып, шындық бетін айқара ашып, асқан төзімділік пен батылдықтың үлгісін көрсеткенін шара аясында осы тақырыпта қалам тартып жүрген жазушы, публицист Талғат Айтбайұлы атап айтып, «Ел тарихындағы алғашқы ерлік - ХХ ғасырда Қазақ автономиясын құру екендігін бәрі біледі. Екінші ерлікті Баукең деп білер едім, Бауыржанның ерлігін әлем біледі. Ал, үшінші ерлікті жасаған Мұхтар Шаханов. Десек те, біз ерлікті бағаламаймыз, байыбына бармаймыз...» деп пікір білдіріп, жастарға 8 томын шығару жоспарланған «Желтоқсан көтерілісі» кітабының алғашқы екі томын таныстырды. Сондай-ақ, осы Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы Жортулы Толымбек өз аузынан оқиғаның барысы мен басынан өткен тауқыметін, көтерілістен кейінгі қиындығымен қатар келген өмірінің кезеңдерін кеңірек тарқатты. Бұл бүгінгі «түймедейді түйедей ететін» жастарымыздың қиындықпен күресе білуіне де әсер еткені сөзсіз. Дөңгелек үстелге «Серпер» жастар сыйлығының иегері, ақын Саят Қамшыгер де қатысып, отты өлеңдерінен оқып, жастарды бір серпіп, отаншылдыққа насихаттаса, кешегі наурыз айында ғана Алаш арыстарының рухына бағыштап ас берген, жалынды жастарды бастап жүрген «Қамшы» ақпараттық порталының директоры Қуаныш Біләл «түркітілдес мемлекеттер арасында әскери одақ құру» идеясын алға тартты.
Бұл шараға институт директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Манапов Нұрлан ағайымыз да қатысып, жылы лебізін білдіріп, тақырып аясында институт көлемінде іс-шаралар өткізіп, бастаманың жалғасы болатындығын айтып өтті. Шара аясында ұлағатты ұстазымыз Сарқытқан Қастер қонақтармен тақырып төңірегінде пікір алмасса, институт мақтанышы Нұрдаулет Нұрмахамбетұлы ән шырқап, кешті қыздыра түсті. Сондай-ақ, алдағы айда Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің елге әкелер пайдасы мен зиянын саралап, 1-курс магистранттары Сания Кенжалиева мен Бобыр Ражаметов «болашақтың энергиясына» бағытталған баяндама оқыды. Кемел келешекке тарихтан тағылым ала отырып жетуді көздейтін жас ғалымдарымыз кеш барысында профессор-ғалымдарымызға сұрақтар қойып, ақын-жазушыларымызға жылы лебіздерін білдірді. «Бір ғасыр бұрын құрылған Алашорда автономиясы болмағанда бүгінгі күннің «ЭКСПО-сы» өтер мүмкіндікке ие болар ма едік!?» деп тұжырым жасаған кафедра меңгерушісі Бахадурхан Шарипович дөңгелек үстелді қорытындылады. Ал, топ магистранттары аталмыш игі бастаманы жалғастыруды әлеуметтік желілер арқылы ҚазҰУ, ҚазҰМУ, ҚазҰТУ, КИМЭП және т.б. білім ордаларының жастарына ұсынды.
«Елтану және туризм» кафедрасының кәсіби бағдар жұмысы Жаратылыстану және география институты «Елтану және туризм» кафедрасы оқытушылары: Алшынбеков С.Қ., Абдикаримова Г.А., Қалдыбекова Р.Е., 1 курс 6М090200 - Туризм мамандығының магистранты Менлібаева Ж.Ғ. 6.04.2017 жылы Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас елді мекеніндегі №1 Бақанас орта мектебінде аудандағы бірнеше мектептердің бітіруші түлектермен кәсіби бағдар жұмысын жүргізді. Кездесу барысында жалпы университет туралы, ПОҚ құрамы университеттің материалдық базасы, мамандықтардың түрлері туралы жалпы мағұлыматтар бере отырып Жаратылыстану және география институты «Елтану және туризм» кафедрасына қатысты мамандықтарына тоқталып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Университеттің арнайы жасалған ақпараттық мәліметтерін таратты. 1 курс 6М090200 - Туризм мамандығының магистранты Менлібаева Жансая Ғаниқызы өзінің студенттік өмірі жетістіктері, мобильдік бағдарлама бойынша Еуропа елдерінде білім тәжірибесінен өткендігі, Экспедиция-25 жобасына қатысушы ретінде т. б. жетістіктері туралы айта отырып оқушыларды мамандыққа ынталандырды.
1-4 қараша 2016 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті, Жаратылыстану және география институтында «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлескен «БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖАҒДАЙЫНДА ЖАРАТЫЛЫСТАНУ- ҒЫЛЫМИ БІЛІМ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ БЕРУ» атты «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы және жалпы білім беретін мектептің биология, география, химия пәндерінің мұғалімдеріне арналған республикалық оқу семинары болып өтті. Семинардың мақсаты мектепте жаратылыстану пәндерінің білім беру мазмұны мәселелеріне талдау жасау. Осыған орай география пәні бойынша «Құзыреттілікке-бағдарланған географиялық білім берудің теориясы мен әдістемесі», «Географиядан құзыреттілікке-бағдарланған тапсырмалар» (п.ғ.к., доцент Карбаева Ш.Ш.); «Жердің қалыптасуы мен дамуы туралы қазіргі көзқарастар» (г.ғ.к. Боранқұлова Д.М.); «Қазақстан климатының себеп-салдары және оны оқыту қағидалары» (аға оқытушы Абулгазиев А.У.); «Туристік өлкетану жұмыстарын ұйымдастыру» (п.ғ.к. Омаров К.М.) тақырыптарында теориялық дәріс және практикалық тренингтер өткізілді. Республикалық оқу семинарында ғалым-әдіскерлер мен мектептің практик мұғалімдерінің арасында жаратылыстану пәндерінің білім беру мазмұнын жаңғырту мәселелері жайлы пайдалы пікір алмасу болды.
HEIDELBERGCEMENT (Германия) компаниясының ұйымдастыруымен жарияланған «Қазақстандағы The Quarry Life Award» конкурсында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Жаратылыстану және география Институтының жас географ-зерттеушілері Д.Т. Алиаскаров пен Р.Т. Искакова г.ғ.д., профессор К.Д. Каймулдинованың жетекшілігімен ұсынған «Тургень» туристік-рекреациялық ландшафтық паркін құру тақырыбындағы жобасы үздік бестік қатарына кіріп, конкурстың финалдық турына жолдама алды. Конкурстың ұлттық қазылар алқасы зерттеушілердің Алматы облысы аумағының биоалуантүрлілігін сақтаудағы идеаларының ерекшелігін атап өтті.
Еліміздің егемендік алуына байланысты 1990 жылдардың басында бұрынғы оқу-ағарту жүйелері күрделі реформаларға ұшырады. Көптеген жоғары оқу орындарының, оның ішінде ҚазПИ-дің кайтадан университет (1928 жылы, ол алғашында университет болып ашылған) мәртебесін алуына орай, оның құрылымында үлкен өзгерістер болып, жаңа факультеттер мен кафедралар ашылды. Соның бірі - 1993 жылдың қаңтарында құрылған «Елтану» кафедрасы. |