қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
28.02.2011

2011 жылғы  19 ақпанда  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық  университетінің мәжіліс залында  Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрі Б.Т. Жұмағұловтың қатысуымен  Алматы қаласы және  аймақтық жоғары  оқу орындары  ректорлары кеңесі Ассоциациясының кезекті  мәжілісі болып өтті. Мәжілісті Білім және ғылым министрі  Б.Т. Жұмағұлов ашып, күн тәртібіндегі  алғашқы мәселе  - 2011 жылғы  3 сәуірде  өтетін Президент сайлауын ұйымшылдықпен  өткізу және осыған байланысты жоғары оқу орындары  ректоры  тарапынан атқарылатын іс-шаралар туралы  айтып өтті.

        Бүгінде Алматыдағы  43 жоғары оқу орындарында  120 мың студент оқиды, оның 22 мыңы жатақханаларда тұрады.  Әлі де 20 мың  студентке  тұрақ-жай  жетіспейді.  Оларды жатақханалармен  қамтамасыз ету үшін  алдағы   4 жылда  34 жатақхана  салуды  жоспарлап отырмыз.  Елбасы бұл ұсынысымызға  өз келісімін берді. Мемлекеттік жоғары  оқу орындарымен  бірге жекеменшік  университеттерді  де жатақханалармен  қамтамасыз ету мәселесін  ойластырып жатырмыз, - деді Министр.

Қазіргі  таңда  мыңдаған  студенттер  пәтер жалдап  тұрады немесе  қала маңынан  алыс аудандардан қатынап оқиды.  Олар сабақтан тыс  уақыттарда өткізілетін іс-шараларға  қатыса алмайды. Қатынап оқитын балалармен тәрбие жұмысын  жүргізу де қиын. Сондықтан ректорлар , олардың орынбасарлары қай студент қай жерден қатынап оқиды, тұрмысы, сабақ үлгерімі қалай, нендей мәселелері бар екенін  біліп отыруға тиіс. Әсіресе, қазіргідей сайлау алды науқаны кезінде қатынап оқитын студенттермен  жұмысты күшейту керек.

Жатақханаларға  келіп мемлекет саясатына қарсы  немесе сайлауға  бармауға үгіттеген листовкаларды  таратып кететін  бөтен пиғылды адамдардан сақ болған жөн. Әр түрлі діни ағымдардың  ықпалынан  да жастарды сақтандырып отыру қажет. Өйткені студент  - үлкен күш. Оппозиця өкілдері  де оларды пайдаланып кетуге  тырысады. Ректорлардың өздері  және орынбасарлары  жатақханаларға барып, ондағы жағдайды  көзбен көріп, мән-жайды біліп отыруы тиіс. Көптеген жатақханаларда жағдай жоқ. Тамақ істейтін, жуынатын, кір жуатын бөлмелері талапқа сай емес. Сондықтан бірсыпыра  қаржы бөліп, бұл кемшіліктерді түзету керек.

Жастарды суицидтен сақтандыру  аса маңызды. Өткен жылы  237 бала  өзіне -өзі қол жұмсады. Зерттей келгенде  оның 90 пайызы  себепсізден -себепсіз  орын алғаны анықталды. Әкесі - мұғалім,  шешесі  дәрігер,  үй тұрмысы  жақсы, отбасы берекелі, оқу орнында  ешқандай  қысымшылық  көрмеген  баланың суицидке  ұрынуы бұл интернеттегі  теріс ықпалды  ақпараттардың әсері екені  белгілі болып отыр. Сондықтан оқу орындарындағы  психологиялық  қызметті жақсарту, тәрбие жұмысын жаңаша ұйымдастыру қажет, - деді Министр.

Тұрмысы нашар  отбасыларынан шыққан  балаларға, мүгедек, жарымжан студенттерге материалдық көмек көрсетіп отыру қажет.  Жасыратыны жоқ 20 мың теңге жалақымен  жұмыс істеп жүрген оқытушыларымыз да бар. Олардың да жағдайына қарау керек.  Ұстаздың жағдайы оңалмай  білімнің сапасы  оңалмайды.

-         Ректор мырзалар студенттердің де, оқытушылардың да өтініштеріне құлақ асып отырғаны жөн. Себебі  көптеген  проблема  осы түсініспеушіліктен туындайды. Осындай проблемаларды  шеше отырып,  Президент  сайлауына барсақ бұл үлкен абырой. Өйткені, Қзазақстандағы  Білім беру саласындағы  бүкіл жетістіктеріміз  Президенттің қамқорлығының  арқасында  жүзеге асырылып жатыр.

Сайлау барысын бақылау  үшін  шетелдерден көптеген бақылаушылар келеді. Сондықтан сайлауға  ұйымшылдықпен  қойылу , заң талаптарын  сақтау біздің елдігімізге сын.  

          Алматы қалалық  және аймақтық  Жоғары оқу орындары   ректорлары кеңесі Ассоциацисының  Президенті Р.Алшанов  Президент сайлауына  әзірлік барысын баяндады.

       -Алматы қаласы бойынша 800 мыңнан астам сайлаушы  бар - деді ол.  -2005 жылғы сайлауда  сайлаушылардың 54 пайызы  ғана дауыс беруге қатысқанын  ескерсек,  алдағы сайлауда мұндай келеңсіздікке  жол бермеуіміз керек. Студенттердің, оқытушылардың сайлауға тегіс қатысуын  қамтамасыз етуіміз қажет.

Сондықтан, студенттерді, оқтушыларды  теріс үгіттен сақтандыру, олармен  саяси-түсінік жұмыстарын жүргізу шараларын ұйымдастыру  ректорларға жүктеледі.

Сәтбаев атындағы  Қазақ ұлттық техникалық  университетінің ректоры Ж.Әділов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің  ректоры С.Ж.Пірәлиев, Қазақ мемлекеттік қвздар  педагогикалық университетінің ректоры Ш. Беркімбаева, Қазақ ұлттық аграрлық  университетінің ректоры Т.Есполов  және басқалар  Президент сайлауына  дайындық барысы туралы  мәлімдеді.

-Білім және ғылым министрі Б.Т. Жұмағұлов  қорытынды сөзінде  жоғары оқу орындарында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту,  Елбасы Жолдауынан туындайтын  міндеттерді жүзеге асыру үшін тиісті шаралар белгілеу,  Президент сайлауын ұйымшылдықпен өткізу  жөнінде ректорларға нақтылы  міндеттер жүктеді.

Ректорлар кеңесі  мәжілісінің  күн тәртібіндегі  екінші мәселе  - жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар  шығару туралы  ректорлар кеңестің  өткен жолғы  мәжілісінің шешімі  және осы мәселе  бойынша  Білім және ғылым министрі тапсырмасының орындалу барысы туралы  Білім және ғылым вице-министрі М.Сарыбеков өз пікірін ортаға салды. Ректорлар кеңесі  Ассоциациясының Президенті Р. Алшанов  осы тапсырмаға байланысты  жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар  шығару қолға алынып,  баспаханалармен келісім-шарт  жасалғаны,  енді жылына  1400-1500-ге дейін оқулықтар шығарылатынын айтты. 

Пікір алмасулар болды.  Алматы қаласы  және аймақтық  ректорлар кеңесі Ассоциациясының  мәжілісі  талқыланған  мәселелер  бойынша тиісті  қаулы қабылдады.