«Елім-ай»-халық қаһармандығының көркем эпопеясы
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы жанындағы Сәкен Сейфуллин атындағы әдеби және оқу әдістемелік бірлесігінің (жетекшілері А. Ы. Шамахова, С. Анапияева) ұйымдастыруымен көрнекті жазушы Софы Сматаевтың «Елім-ай» роман-трилогиясы негізінде «Халық қасіреті мен қаһармандығының көркем эпопеясы» атты әдеби-тарихи танымдық дидарласу кеші өтті. Студенттермен дидарласуға классик жазушы, қарымды қаламгер, ақын, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Софы Қалыбекұлы Сматаев, көрнекті ақын Аян Нысаналин, жазушы-журналист Сарбас Ақтаев, журналист, аудармашы Көпбосын Панзабеков келді. Кешті жүргізген профессор Темірхан Сақаұлы Тебегенов осы іс-шараның мақсаты қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетін насихаттау екенін айтты. Іс-шара романнан алынған үзіндімен ашылды. 2-курс студенті Ж. Есіркегенова С. Қ. Сматаевтың шығармашылығы туралы қысқаша баяндама жасады. 1, 2-курс студентері Ақтамберді жыраудың толғауын, «Елім-ай» трилогиясынан монологтар, «Шырғалаң» бөлімінің Ақтамберді жырау бейнесі суреттелетін тұсынан сахналық көрініс, ақынның арнау өлеңдерінің топтамаларын ұсынды және өздері шығарған өлеңдерін оқып, ән шырқады. Кешті студент ақындардың айтыстары жандандырды. Кештің тақырыптық мазмұнына сәйкес дайындалған қазақ әдебиетіндегі тарихи романдар қойылған кітап көрмесі оқырмандарға таныстырылды.
Кеш соңында жазушы Софы Сматаев тәуелсіздікке жету жолында бабаларымыздың қаны мен аналарымыздың көз жасы төгілген тарихтың беймәлім беттерін ашып, жас тыңдармандарға алғысын білдірді. Жазушы өзінің жеке қорынан әкелген кітаптарын қолтаңбасымен студенттерге ұсынды.
Кеш соңында профессор Т. С. Тебегенов өткізілген кездесудің маңыздылығына тоқталып, осындай іс-шаралардың жалғаса беруіне тілектерін білдірді.
Фарида Амангелдіқызы,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз орталығының
қызметкері.