Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
28.05.2019 Құбылыс ашқан Құлбек
«Жақсы ғалым болып қалыптасу жолында жетекші ұстаздар мен ғылыми мектептің мәні зор. Менің бұл бағытта жолым болды деп ойлаймын. Себебі, атақты да, тәжірибелі ұстаздар мен қызықты да келелі пәнаралық мәселелерді зерттеуді мақсат тұтқан жақсы ғылыми мектептен өттім» дейді биыл 70 жасқа толып отырған көрнекті ұстаз, белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның ғылым, техника және білім беру саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның ғылым мен білім беру саласына еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Жаратылыстану Ғылыми академиясының мүшесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қалыптасуы мен дамуына сіңірген «Айрықша еңбегі үшін» берілген алтын медаль иегері Марат Құлбекұлы жас ғалымдармен болған кездесуінде.
Марат Құлбекұлы 1949 жылдың 28 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында дүниеге келген. 1956 жылы алғаш қазіргі Бәйдібек ауданының Жүзімдік ауылындағы бастауыш мектеп табылдырығын аттап, 1966 жылы Алматыдағы республикалық №2 мектеп-интернатын үздік бағамен бітірген. Мектеп-интернат ұстаздарының ақыл-кеңесі және өзінің физика маманы болсам деген арман-тілегі ұштасып, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы бітіреді. 1971-1973 жылдары Кеңес қарулы күштер қатарында офицерлік қызмет атқарады. Кеңес армиясындағы азаматтық парызын өтеген ол 1973-1985 жылдары Алматы құрылыс материалдары ғылыми және жобалау институтында ғылыми қызметтер атқарып, полифазалық жүйелердегі жылу, физикалық және физика-химиялық процестерді зерттеумен және қор үнемдегіш көпфункциялы жаңа керамикалық материалдарды жасау проблемаларымен айналысады.
М.Құлбекұлы 1981 жылдан жоғары оқу орындарында ұстаздық қызметпен де айналысып, жоғары білімді, білікті мамандар дайындауға да өз үлесін қосып келеді. 1985 жылдан бастап қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қатарлы қызметтерді атқарып келді.
Университетте профессор М.Құлбекұлының жетекшілігімен «Қолданбалы жылу физикасы және жаңа технология» ғылыми-зерттеу және оқу зертханасы ұйымдастырылып, оның материалдық-техникалық базасы жасалды. Аталған зертхана базасында полифазалық жүйелердегі жылу, масса алмасу процестерін зерттеу және көпфункциялы жаңа эффективті керамикалық материалдардың қор үнемдегіш технологиясын жасау бағытында жұмыстар жүргізіліп келді. Зертханада жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша жылу физикасы, қайтымсыз процестер термодинамикасы, жаңа материалдар технологиясы салаларында арнайы (эллективті) курстар мен физикалық практикумдар және семинарлар дайындалып, оқу процесіне енгізілді. Сонымен қатар курстық, дипломдық, магистрлік және докторлық жұмыстар орындалып қорғалып келеді.
Ғылыми зерттеулермен қатар, М.Құлбекұлы жалпы физика курсы және жылу физикасының негізгі бөлімдері бойынша 40-тан астам оқу құралдары мен оқу-әдістемелік жұмыстарды, негізінен қазақ тілінде дайындады. Мысалы, оның «Молекулалық физика және термодинамика», «Жалпы физика» т.б. оқу құралдары еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері мен ұстаздарының игілігіне айналып отыр.
М.Құлбекұлының негізгі ғылыми жұмыстары құрамында отын бөлшектері бар полифазалық керамикалық материалдарды күйдіру теориясы мен практикасын жасауға бағытталған. Бұл мақсатта ол ең алғаш болып қайтымсыз процестер термодинамикасы мен жылу және масса алмасу теориясының озық әдістерін жемісті пайдалана білді. М. Құлбекұлы - әлемдік практикада ең алғаш Қазақстанда ойлап табылып елімізде, шет елдерде өндіріске кеңінен енгізілген жаңа керамикалық «золокерам» материалдарының қор үнемдегіш технологиясын жасаушы негізгі авторлардың бірі. М.Құлбекұлы тәжірибелік жолмен золокерамикалық материалдардағы жаңа көлемдік-беттік концентрлі-зоналық түрлі-түсті эффектілерді алғаш болып ашты. Ғылым әлемінде белгілі «Ньютон сақиналары» физикадағы (оптикадағы) интерференциялық құбылыспен түсіндіріліп, бұл құбылысты ең алғаш болып 1675 жылы атақты ағылшын ғалымы Исаак Ньютон анықтап сипаттаған болса, осыған ұқсас золокерамикалық материалдарда кездесетін жаңа құбылыстарды қазақ ғалымы М.Құлбекұлы ашып отыр. Бұл құбылыстар «Құлбек сақиналары» деген шартты атқа ие болды. Марат ағамыздың осы бағыттағы ғылыми - зерттеу жұмыстары полифазалық керамикалық үлгілердегі жаңа көлемдік - беттік жолақты түрлі-түсті бояулық эффектілер керамикалық материалдардың жаңа ерекше сәнді түрлерін, атап айтқанда түрлі-түсті жолақты бояулық бедерлері бар плиткаларды (тақтайшалар) жасаудың жаңа әдістерін, яғни технологиясын ойлап табуға жол ашты. Бүгінде бұл жаңа технологиялық әдістердің барлығына дерлік өнертапқыштық туындылар деңгейінде авторлық куәліктер мен инновациялық патенттер алынды.
М.Құлбекұлы кейінгі жылдары «Инверсиялық үдерістер», «Фазалық түрленулер теориясы» тақырыптарына да ғылыми мақалалар жариялап, ол алғаш болып қыл түтікті қуысты материалдар технологиясында инверсиялық эффектілердің орын алу жағдайын зерттеді.
М.Құлбекұлының осы жылдарда еліміздің, шетел баспаларында 370-тен астам ғылыми еңбегі жарыққа шықты (монографиялар, кітаптар, оқу және оқу-әдістемелік құралдар, ғылыми мақалалар, өнертабыс жаңалықтарына берілген авторлық куәліктер мен патенттер). Профессор М.Құлбекұлы ағамыз биыл 70 жасқа келсе де, өзін әлі тың сезініп, шәкірт тәрбиелеу, оларға білім беру ісін атқарумен бірге ғылымдағы «Құлбек сақиналары» атты жаңалығының сырын толық ашу жолында аянбай еңбегін жалғастыруда.
Авторы: Досан Баймолдаұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, физика ғылымының PhD докторы 28.05.2019 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|