Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
04.10.2019 Мұғалім - қоғамның алтын қоры
Мұғалімдер күні ұстаздардың ғана емес, көпшілік қауымның да ортақ мерекесі. Өйткені мұғалімнің алдын көрмеген, дәрісін тыңдамаған, ұлағатты өсиетімен сусындамаған адам кемде-кем. Сондықтан әрбір азамат анасына қалай борыштар болса, ұстазына да сондай қарыздар.
Ұстаз жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп қана қоймай, өмірден өз орнын табуына, тұлға болып қалыптасуына, парасатты азамат болып өсулеріне бағыт береді, ықпал етеді. Адамзат баласының бойына барлық жақсылықты дарытатын құдіретті күш - ұстаз десек, оны ардақтамайтын адам жоқтың қасы. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені жақсы мұғалім - мектептің жүрегі» десе, хакім Абай: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға, ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген екен.
Елбасы 2018 жылғы қазанда жолдаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», деген болатын. Міне, биыл Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылған жаңа заң жобасының бастауында Елбасының тұрғанын және оның мұғалімдерге деген қамқорлығын осыдан-ақ байқаймыз. Сөз орайы келгенде «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасының алғашқы нұсқасын университетіміздің ұстаз-ғалымдары дайындағанын атап өткенім артық болмас.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен мұғалімдердің тамыз конференциясында: «Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт. Кейінгі ұрпақ Тәуелсіздігіміздің туын әрқашан биік ұстауы тиіс... Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі», деген еді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгінде IT мен биотехнология саласындағы революциялар адамзат өмірін тез өзгертіп жатқандықтан, білім беру жүйесі жаңа өмірге жедел бейімделуі қажеттігін баса айтқан болатын. Әлемдегі жетекші мектептер балалардың креативті әлеуетін дамытумен айналысады, цифрлы технологиялар мен нақты ғылымдарға үйретеді. Бұл - ең алдымен мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелер.
Президент Қ.Тоқаевтың қыркүйек айындағы «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да білім саласына арнайы тоқталды. Мұнда да ол білім сапасын жақсарту, оқушыларға қабілеттеріне қарай кәсіби бағыт-бағдар беру, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою, ауылдағы педагог кадрлардың тапшылығына байланысты «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейту, дарынды балаларға қолдау көрсету, педагогтардың біліктілігі мен мәртебесін көтеру сияқты көкейкесті мәселелерге тоқталды. Міне, осының өзі-ақ мемлекетіміздің мұғалімдерге деген зор қамқорлығының нақты көрінісі.
Елімізде 1928 жылы ашылған тұңғыш университет алғашқы күннен бастап мұғалім даярлауға ерекше көңіл бөліп келеді. Атақты ҚазПИ-де ең алдымен педагогика факультеті құрылып, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих мұғалімдері даярлана бастаса, келе-келе факультеттер мен мамандықтар көбейіп, оқу орны нағыз мұғалім дайындаудың ұстаханасына айналды. Алғашқы жылдары Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов сияқты ұлт қайраткерлері дәріс оқыған қарашаңырақ 90 жылда Қазақстан мектептері үшін 170 мыңнан астам мұғалім, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары үшін көптеген ғылыми кадр даярлап, еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысына айналды.
Бір ғасырға жуық уақытта университетімізді бітірген түлектеріміздің ішінен белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері де, жазушылар мен ақындар да, ғалымдар да, атақты мұғалімдер де көп шықты. Алайда біздің сала бойынша атақ-абыройы бүкіл елімізге жайылған Социалистік Еңбек Ері, ұстаз Құдыс Әбсеметов, Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиев, «Құрмет» орденінің иегері, дарынды математик Өтеш Мәжитті ерекше мақтан етеміз.
Университетіміз еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы саналады. Біз әлемдегі QS World University Ranking-2020 рейтингісінде 561-орын, ал еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындары арасында 1-орын алып отырғанымыз - осы сөзіміздің дәлелі. Ең бастысы, жаңа ғасырға, жаңа заманға лайық жаңа мұғалім дайындаумен айналысамыз. Бүгінгі таңда университетте атқарылып жатқан жұмыстың бәрі осы мақсатпен тікелей байланысты.
Жаңа заманның жаңа мұғалімдерін даярлауда білім бағдарламаларын жаңартып отырудың маңызы зор. Университетте бакалавриаттың, магистратураның және PhD докторантураның 295 инновациялық білім бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде Major+minor бойынша 82 бағдарлама әзірленді. Бұл еліміздегі шағын жинақты мектептер үшін мұғалімдер дайындауға бағытталған. Мысалы, химия бағытында оқитын студенттер қосымша биология мамандығын алып шығады.
Болашақ сапалы педагогтар даярлауда оқу-әдістемелік жұмыстың маңызы зор. Орта мектептерге арналған оқулықтар мен оқу құралдары жаңартылған білім мазмұны бойынша дайындалуда. Өткен оқу жылында ғана осындай 243 оқулық пен оқу құралдарын шығардық.
«Педагогикалық өлшем», «Адаптацияланған инклюзивті білім беру орталығын құру», «Community Service», «Білім берудегі менеджмент» тақырыптарында жаңа оқу курсы бағдарламалары енгізілді. «Информатика», «Физика», «Химия», «Биология», «Химия-биология», «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу», «Физика-информатика» пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдер даярлауды жолға қойып отырмыз. STEM-білім беру, GLIL технологиясы бойынша тіл мен пәнді шоғырландырып оқыту, сабақ берудің интерактивті технологиясы, SMART-мақсат қою әдістемесі, коллаборативті ортада диалогты оқыту жөнінде білім беру технологиясының жаңа әдістемелері енгізілді.
Студенттердің зерттеушілік, конструкторлық, техникалық-шығармашылық, роботтехника мен мехатроникалық жұмыстармен айналысуына мүмкіндік туғызу мақсатымен ашылып отырған STEM-паркіміз де уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік. Бүгінде STEM-паркте студенттеріміз мехатроника мен өлшеуіш жүйелері, нысандарды компьютерлік моделдеу, 3D-баспасы, механикалық жүйелерді бағалау бойынша электронды технологияларды кеңінен игеруде.
Біз жаңа сападағы педагогтар дайындау үшін университеттегі педагогикалық білім беруді үнемі жетілдіріп, жаңартып отыруымыз керек. Жаңалық өмірге бірден ене салмайды. Оны енгізу және игеру үшін алдымен теориялық мәселелері әбден зерттеліп, талданып, дәлелденуі қажет. Осы мақсатпен ұйымдастырған «Педагогикалық профильдегі білім беру бағдарламаларындағы жаңартылған орта білім мазмұнын интеграциялау», «Өзгермелі әлем жағдайындағы білім беру ұйымдарын басқару», «Педагогикалық жоғары оқу орындарындағы білім беруді жаңарту» тақырыптары бойынша өткізілген семинарларымыз бен дөңгелек үстелдеріміз өз жемісін беруде. «Білім беру альянсы» консорциумын құрудағы мақсатымыз да осы педагогикалық білімді модернизациялауға өз үлесімізді қосу болатын.
Оқу орны қызметінде халықаралық ынтымақтастық маңызды орын алады. Бүгінгі таңда Абай атындағы университет 11 халықаралық ұйымдарға, ассоциацияларға мүше. Әлемнің 32 мемлекетіндегі шетелдік университеттермен бірлескен жұмыстар бойынша 160 келісімшарт бойынша жұмыс істеп отырмыз.
Магистратураның 11 қосдипломды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде Францияның Сорбонна-Париж-Ситэ, ИНАЛКО, Париж Дидро-7 университеті, Пуатье университеті, Экс-Марсель университеті, Польшаның Слупск қаласындағы Помор академиясы, Мәскеудің қалалық педагогикалық университеті бар.
Біз әлемдік және отандық рейтингілерде лайықты орнымызды алып отырсақ, бұл білімді де білікті педагогтар даярлау үшін тер төгіп жүрген университет ұстаздарының ерен еңбегінің жемісі.
Авторы: Такир Балықбаев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор 04.10.2019 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|