қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
14.10.2024

Абай университетінің студенттері «Монро» мектебінің негізін қалаушы Перизат Мырзахметпен кездесті


2024 жылдың 12 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Астанадағы Білім беру факультетінде білім алушы студенттер «Монро» балалар модель мектебінің негізін қалаушы, сценарист, продюсер Перизат Мырзахметпен кездесу кешін өткізді.

 

Университеттің Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департаменті мен «Хәкім Абай» ұлттық тәрбие орталығының ұйымдастыруымен өткен кездесу «Кітап - сарқылмайтын рухани байлық» тақырыбы аясында өрбіді.

 

Кеш барысында Перизат Мырзахмет кітап жазу мен оқу, сценарий жазудағы ерекшеліктер, веб-сериалдардың өзектілігі, кино жанрлары мен медиа саласындағы елеулі өзгерістер туралы айтып: «Жастар білімнің құндылығын ұғынуы керек. Адамның білім сапасы артқан сайын, тұлға ретінде қалыптаса бастайды. Ой-өріс әлеуметтік желімен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Халық сізді ізденіп жүріп оқитындай дүние жасаңыздар», - деді.

 

Сондай-ақ, кездесуде студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті. Айта кетейік, Перизат Мырзахмет отандық телеарналардағы бірқатар жобаның сценаристі, продюсер, веб-сериалдардың және «Өмірдің аты - М» кітабының авторы.

 

  alt=  

 

«Хәкім Абай» Ұлттық тәрбие орталығы




Кері оралу