қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
26.03.2016

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

 

Тарихи тамыры тереңге бойлаған Наурыз - көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейлі күн. Бұл күні Жер-Ана жанданып, айнала көкке оранып, күн мен түн теңеліп, жыл басы басталады. Халқымыз осы мерекемен жақсылық бастауын, ақтың молаятынын, тіршіліктің жанданатынын байланыстырып, қасиетті мерекені ерекше құрметтейді. Думанды мейрамда шаттанбайтын, мейірленбейтін, адам кемде-кем, сірә. Осы орайда Алматы қаласының 1000 жылдығы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында 2016 жылдың 22 наурызы күні Алматы қаласы Медеу аудандық Наурыз мейрамы болып өтті. Оқушылар сарайының алдына дүйім жұртты жинап, киіз үй тігіліп, баба мұраты салт-дәстүріміз жаңғыртылды. Бұл ұлы мейрамға Университетіміз «Абай ауылы» деген атпен шаңырақ көтеріп, киіз үй тікті. Қазан асылып, дастархан жайылып, бауырсақтар шашылды. Киіз үй маңына Өнер, мәдениет және спорт институтының шеберлер қолынан шыққан қолөнер заттары, әшекей бұйымдары көрмеге қойылып, қонақтардың ерекше қызығушылығына ие болып жатты. Аталған мейрамға университет ректоры С.Ж. Пірәлиев бастаған проректорлар құрамы қатысты. Мерекелік шара барысында университетіміздің таланты жастары барша қатысушылары ерекше өнерімен тамсандырды. «Абай ауылына» арнайы ат басын бұрған Медеу ауданының әкімі С.А. Макежанов қара шаңырақ білім ордасының ұжымын Ұлыс күнімен құттықтап, университет ұжымы ауданның өркендеуіне ерекше үлесін қосып келе жатқандығын атап өтті. Университетіміздің магистранты, айтыскер-ақыны Қ. Мырзахан аудан басшысына арнау айтып, ерекше назарына түсті. Ақ дастархан басында шырқалған халық әндері «Ақ құм», «Қалқаны» барша қонақтардың құлағының құрышын қандырып, ұлттық мерекенің сәнін кіргізді. Саусағынан күй тамған Серік Құштардың орындауындағы «Балбырауын», «Көрұғлы» сынды күйлері Ұлы дала күмбірін аспандатты.
Айта кететін жайт: биыл Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, түрлі ұлттар мен мемлекеттерден құттықтаулар түсіп жатты.


Тәрбие жұмысы, жастар саясаты
және мемлекеттік тілді дамыту басқармасы

 




Кері оралу