қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
07.02.2018

 

 Ректордың студенттермен кездесуі


2018 жылдың 6 ақпаны күні жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, озық идеяларымен бөлісіп, көкейкесті мәселелерін ортаға салу мақсатында университет ректоры, профессор Такир Балықбаев студенттермен кездесті.

 

Кездесу барысында ректор Такир Балықбаев «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ жоғары білімінің ең алғашқы қара шаңырағы. Биыл университетімізге - 90 жыл. Университет өз тарихында 200 мыңнан астам түлек ұшырып, 3 мыңнан астам ғылыми кадрлар дайындады. Университетіміздің  90 жылдығы аясында қала, республикалық және халықаралық деңгейде 70-тен астам іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр. Осы орайда, біздің алдымызда көптеген міндеттер тұр. Атап айтқанда, университетіміздің инфрақұрылымын дамыту, білім сапасын арттыру мақсатында «Univer» жүйесін іске қосу, бұқаралық спортты дамыту, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу шараларын күшейтуді қолға алғалы отырмыз. Осы міндеттерді іске асыру үшін біз Сіздермен біріге жұмыс жасауымыз қажет. Бүгінгі кездесуіміздің бірден бір себебі де осында. Мен, болашақта университетіміз қандай болуы тиіс, педагогтың мәртебесін қалай көтереміз деген сауалдарға әрбіріңіздің пікірлеріңізді тыңдағым келеді» -  деп өз ойын тұжырымдады.

 

Кездесу одан әрі ашық сұхбат түрінде жүргізілді.  Жиын барысында студенттердің тарапынан 40 астам сұрақ қойылып, түрлі ұсыныстар айтылды. Солардың басым көбі университеттегі оқу үдерісін жақсарту, оқу ғимараттары мен дәрісханаларын заманауи тұрғыда жабдықтау, жастардың сабақтан бос уақытын тиімді ұйымдастыру және кызығушылығы бойынша клуб, үйірмелер мен жастар ұйымдарының жұмысын орталықтандыру үшін  «Coworking» орталығын ашу төңірегінде өрбіді.

 

Өз кезегінде университет ректоры Такир Балықбаев студенттер тарпынан айтылған сұрақтар мен ұсыныстар жіті бақылауға алынып, тиісті құрылымдық бөлімшелерге жеке тапсырмалар ретінде  жүктелетіндігіне сенім білдірді.

 

Жиын соңында ректор мырза барша студенттерге  алғысын білдіріп, алдағы уақытта да осылай жоғары белсенділік танытуға шақырды.

 

       

 

       

 

       

 

       

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және

жастар саясаты жөніндегі департамент

 

 




Кері оралу