Студенттік өмір | Өткізілген іс-шаралар
04.06.2018
«Aбай үні» қайырымдылық акция-марафоны
2018 жылдың 24-30 мамыры күндері аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы аясында Тәрбие департаменті және университетіміздің барлық институттарының бірлесе атсалысуымен 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық көрсету, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында қаламыздың бірқатар балалар үйлерінде «Абай үні» қайырымдылық акция-марафоны жүріп өтті.
Акция-марафон 24 мамыр күні Жаратылыстану және география институтының № 2 студенттік жатақханада өткен «Аялы алақан» шарасынан бастау алып, одан әрі №1 қалалық балалар үйіндегі «Жылы жүрек-жомарт қол» қайырымдылық шарасына ұласты. Шара барысында институттың профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері балаларға арнайы концерттік бағдарламалар мен түрлі ойындар ұйымдастырды.
Белсенділігімен ерекшеленген жасөспірімдерге тәтті тағамдар тарқатылып, жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі сыйлықтар табысталды.
Дәл осы күні Тарих және құқық институтының жастары № 98 мектеп-интернатында «Сен білесіңбе...?» тарихи-интеллектуалды жарысын өткізді. Балалардың білімі мен шығармашылығын шыңдауға бағытталған бұл жарыс қызықты да тартысты өтті. Жарыс нәтижесі бойынша жоғары білімпаздығымен ерекшеленген балалар университет ректорының кубогы, дипломдар және алғыс хаттармен марапатталды.
25 мамыр күні марафон №1 қалалық балалар үйінде ұйымдастырылған Өнер, мәдениет және спорт институты белсенділерінің «Мейірімді бол» мерекелік шарасына жалғасты. Шара аясында бүлдіршіндерге мерекелік дастархан жайылып, сыйлықтар табысталды.
Филология және көптілді білім беру институтының оқытушылар мен студенттері өз кезегінде № 1 Алматы облыстық балалар үйінде Хәкім Абайдың мұраларына арналған «Мен Абайды оқимын» танымдық акциясын өткізді. Шараға қатысқан бүлдіршіндер ақынның поэзиясынан өлеңдер оқып, ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпаттарға бөленді. Келесі күні Математика, физика және информатика институтының ұжымы осы балалар үйінде «Кішіге ізет» шарасын өткізіп, мереке қарсаңында балаларға киім-кешек, тәттілер сыйлап, мерекелік көңіл-күйге бөледі.
Педагогика және психология институтының белсенділері 28 мамыр күні «Отбасы және балалықты қолдау» орталығының ұсынысымен әлеуметтік қолдауға мұқтаж көпбалалы отбасына материалдық көмек көрсетіп, жанұядағы әрбір балаға киім-кешектер мен ойыншықтар табыстады.
Апта бойы қалаланың түкпір-түкпірінде жаңғырған «Абай үні» қайырымдылық акция-марафоны 30 мамыр күні №10 мектеп-интернатында өткен «Ізгілікті іс жолында» мәдени-сауықтыру шарасымен қорытындыланды. Шараның басты ұйымдастырушылары Тәрбие департаменті, Жастар ісі жөнінідегі комитеті және Студенттік кәсіподақ ұйымы болды.
Шара қонағы Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы Алматы қаласы мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі Мұхит Әзірбаев балаларды мерекелерімен құттықтап, демеушілік қолдау ретінде мектеп-интернатына түрлі спорттық жабдықтар табыстады.
Университет жастары балалармен бірге ән салып, интеллектуалдық және спорттық ойындар ойнады. Балалар қызықты да шаттыққа толы ойындар барысында өз қуаныштарын жасырмады. Шарада белсенділігімен ерекшеленген оқушылар Студенттік кәсіподақ ұйымының арнайы сыйлықтары, алғыс хаттарымен марапатталды.
90 жылдық тарихы бар қара шаңырақ ұжымының бұл игі бастамасы жанары жәудіреп, жылылық күткен әрбір жас бүлдіршінді мейрімділік пен қамқорлыққа бөлеп, жүректеріне үміт отын сыйлады.
жастар саясаты жөніндегі департамент
Кері оралу |
050010, Қазақстан Республикасы
|
Кеңсе: 291-48-74, 291-37-23 (факс)
Қабылдау комиссиясы: 8(727)291-57-68
Call-орталығы: 8 (727) 221 85 14
Психологиялық қызмет секторы: 8 700 976 89 97
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау
|
«Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығы Кірушілер статистикасы
|