қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
11.12.2015

16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні

Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 2015 жылдың 10 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында «Бабалар аңсаған- Тәуелсіздік!» атты салтанатты шара өткізілді.

 

Шара барысында «Тәуелсіздік тарихы» атты шағын театрландырылған қойылым көрсетіліп, қазақ эстрадасы жұлдыздары және университетіміздің өнерпаз студенттерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

Университет ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиев мырза университет ұжымын мерекемен құттықтап, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары және мамандар даярлау саласындағы көп жылғы абыройлы еңбегімен ерекшеленген профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерін марапаттады. Атап айтқанда, университеттің 4 қызметкері «Құрметті қызметкер» төсбелгісімен, 3 қызметкері «Үздік ұстаз» төсбелгісімен, 6 қызметкер «Үздік қызметкер» төсбелгісімен, 10 қызметкер университет ректорының «Құрмет грамотасымен», 4 қызметкер университет ректорының грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, университет ректорының №775 бұйрығына сәйкес Тәуелсіздік күні мерекесіне орай университеттің барлық штаттық қызметкерлері бір базалық қызметтік жалақы көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды.


Мерекелік шарада Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының және Қазан мемлекеттік опера балет театрының солисті, мемлекеттік гимнің ресми орындаушысы Талғат Күзембаев, ҚР Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты штаб оркестрі бастығының орынбасары, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қайыржан Бердібай, «Салтанат» би ансамблі және университеттің өнерпаз студенттері өнер көрсетіп, көрермендердің ілтипатына бөленді.

 

 

Шараның басты ұйымдастырушылары Тәрбие басқармасы, жастар саясаты және мемлекеттік тілді дамыту басқрамасы.

 

 




Кері оралу