«ӨМІР САҒАН ӨКПЕМ ЖОҚ...» АТТЫ ӘДЕБИ-САЗДЫ КЕШ
2017 жылдың 9 ақпаны күні сыршыл, гуманист ақын - Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен «Өмір саған өкпем жоқ...» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.
Әдеби-сазды кешті Тәрбие ісі жөніндегі проректор Жанатбек Ішпекбаев ашып, қазақ поэзиясының Хантәңіріне айналған, ақиық ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы қысқаша баяндап, сөз кезегін кеш қонақтарына ұсынды.
Кештің арнайы қонағы Қазақстан Республикасының кино қайраткері, өнертанушы, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының түлегі, профессор Шаяхмет Имашұлы өз кезегінде Мұқағалидың өмір жолынан көптеген деректер келтіріп, мазмұнды ойларын ортаға салды. Одан әрі әділеттілік пен шындықты ту еткен ақынның сырға толы өлеңдері мен поэмаларын ерекше шабытпен оқып, жастардың жүрегіне жол таба білді.
Дәстүрлі әнші Абзал Қуанышұлының орындауындағы әуезді әндер тыңдармандарды ерекше әсерге бөлеп, көңілдеріне шаттық сыйлады. Ал күйші, ақын Талап Қараштың «Мұқағали» атты күйі барша қауымға тосын сый болды.
Бұдан басқа кеш қонақтары қатарында ата-дәстүрін берік ұстанған ағайынды темірші-ұсталар Махмұт және Айтберген Құлментегілер, ақын, сазгер, журналист, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Қайрат Дүйсен, «Таным» пікірсайыс клубының жетекшісі, ақын Жұмаш Кенебай сынды өнер қайраткерлері мен шығармашыл тұлғалар қатысты.
Университетіміздің өнерпаз студенттері әзірлеп келген «Мұқағалидің күнделігінен» атты көрінісі, ақынның сөзіне жазылған «Айтатын саған сырым бұл» атты әні және жас ақын Роза Тәжібаеваның «Мұқағалиға арнауы» кеш барысын әсерлей түсті.
Кеш қорытындысында проректор Жанатбек Ешенқожаұлы қонақтарға университет басшылығы атынан естелік ретінде кәдесый ұсынып, шығармашылықтарына табыс тіледі. Университет жастары Мұқағали ескерткішіне тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды.
Қазақ халқының біртуар ақыны Мұқағали Мақатаев сынды ұлы тұлғаларды еске алып, өлең-жырларын жастар арасында дәріптеп, поэзия кештерін ұйымдастыру университетіміздің дәстүріне айналған.
Бұндай шаралар жастардың ұлттық санасын оятып, өз халқының әдеби, тарихи-мәдени мұраларын білуге, құрметтеуге тәрбиелеп, көркемдік мәдениетін арттырады.
Тәрбие, әлеуметтік және жастар
саясаты жөніндегі басқарма