қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
01.02.2017

28-ШІ ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДАНЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

 

2017 жылдың 29 қаңтары күні Алатау баурайындағы алып шаһарымыз Алматыда 28-ші Бүкіләлемдік Қысқы Универсиаданың ашылу салтанаты өтті. Төрткүл дүние көз тігетін шараның ашылу салтанаты үш сағатқа жуық созылып, шара қатысушыларын халқымыздың мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін сахналық қойылымымен тамсандырды.

Тарихи қойылымнан соң Ұлттық гвардияның офицерлері көк байрағымызды ортаға алып шықты. Мыңдаған көрермен туымыздың көтерілген сәтін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Одан әрі, шара барысында тарихи жәдігерлеріміз паш етіліп, мызғымас біргілімізді бейнелейтін 130-дан астам ұлт пен ұлыстың биі ұсынылды.

Универсиадаға қатысуға келген әрбір елдің командаларын көрермендер аса жылулықпен қарсы алып, командалар шеруін қорытындылыған  Қазақстан құрамасына жанкүйерлер үлкен қошемет көрсетті.

 Спорттық мерекені Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде ашып, барша қазақстандықтар мен әлемнің әр түкпірінен дүбірлі додаға келген жас спортшыларды құттықтап, алдағы ойындарына сәттілік тіледі.

Халықаралық мерекенің ашылу салтанатына университетімізден көрермен ретінде 400-ден астам студент  қатысып, ерекше  әсерге бөленді.  

Қысқы Универсиадада спорттың 12 түрі бойынша атап айтар болсақ, биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, коньки спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, трамплиннен шаңғымен секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шайбалы хоккей, шорт-трек сынды спорт түрлерінен 86 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болады. Жалпы бұл ойындарда 57 елден келген 2 мыңнан астам спортшы өзара бақ сынайды. Ойындар Алматыдағы 8 спорттық нысанда өтеді. Олар, «Шымбұлақ» тау шаңғылы курорты, «Медеу» таулы спорт кешені, «Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплиндер кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені, «Табаған» спорттық ойын-сауық кешені, «Алматы Арена» және «Халық Арена» спорт кешендері. Айта кетерлігі, соңғы екі спорттық нысан Универсиадаға арнайы салынған.

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі басқармасы




Кері оралу