қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
29.11.2019

«Қазіргі Қазақстан. Елбасының көшбасшылығының сабақтары» Жалпыреспубликалық ашық сабақ өтті

 

2019 жылдың 29 қарашасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Қазіргі Қазақстан. Елбасының көшбасшылығының сабақтары» Жалпыреспубликалық ашық сабақ өтті.

 

Шараға Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев,ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нөкетаева, ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы - кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Ғазиз Телебаев қатысты.

 

Іс-шараның өзі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітапханасының ғылыми-көрме жобасы аясында түсірілген «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» деректі фильмінің көрсетілімінен басталды. Фильм Елбасының ядролық қарусыз әлем үшін жаһандық қозғалыстың дамуына қосқан үлесі мен түрлі аспектілеріне, еліміздің ең маңызды бастамаларына арналған.Сондай-ақ фильмде Қазақстан мен Жапонияның бүкіл әлем үшін ядролық қарудың жойқын салдары туралы халықаралық қауымдастықты ақпараттандырудағы бірлескен әрекеттері туралы баяндалады.Деректі фильмнің міндеті - кейінгі ұрпаққа екі елдің халықтары басынан өткерген қасірет туралы - 1945 жылы Хиросима мен Нагасаки қалаларын бомбалау және Семей ядролық полигонында қырық жылға созылған сынақтар туралы айту болатын. Бұл жастарымыздың ел тыныштығы мен тәуелсіздігін бағалай білуі үшін таптырмас сабақ.

 

Іс-шараны ректор Такир Балықбаев ашты. Ректор жиналысқа қатысушылардың барлығын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи еңбегін атап, оның көрнекі басшылығымен мемлекетіміз әлеуметтік-экономикалық дамуда да, халықаралық аренада да өзінің орнын нығайта түскендігін айтты.

 

«Қазақстанның Тұңғыш Президентін жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде әлемдік қоғамдастық әділ мойындап отыр. Мұны Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану ісіне қосқан зор үлесі үшін әр жылдары Жапонияның ең жоғары мемлекеттік наградаларымен марапаттауы растайды», - деді ректор.

 

Студенттер алдында депутат Динар Нөкетаева мен профессор Ғазиз Телебаев ашық дәрістер оқыды.

 

Динар Нөкетаева Тұңғыш Президент күнінің маңыздылығын, Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың ел тәуелсіздігінің қалыптасуындағы рөлін, оның әлемдік саясаттағы беделін атап өтті.

 

Ғазиз Телебаев тыңдаушыларды ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітапханасы қызметімен таныстырып, оның қорында жиналған материалдар туралы әңгімеледі.

 

Дәріскерлер Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу тарихы, Н. Ә. Назарбаевтың тарихи рөлі туралы өз ойларын айтты, сондай-ақ, тәуелсіз ел болашағындағы студент-жастардың рөліне назар аударды. Қатысушылардың барлық сұрақтарына толық жауаптар берілді.

 

Жастар атынан Филология және көптілді білім беру институтының студенті Дильназ Юсупова сөз сөйлеп, танымдық дәрісті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Бірлік» студенттік Ассаблеясының мүшелері «Елім менің» әнін орындады.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

   

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім