Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұымдастырылған «Тәуелсіздікке 25 жыл!» атты салтанатты шара
Тәуелсіздік күні мерекесі - біздің еліміз үшін азаттықты аңсаған қасиетті мейрам. Мемлекеттік мерейлі мереке. Алтай мен Атыраудың, Есіл мен Сырдарияның арасында еліміздің жылнамасы алтын әріппен жазылған ардақты күн.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында 2016 жылдың 14 желтоқсаны күні университетімізде «Тәуелсіздікке 25 жыл» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Шара шымылдығы «Бабалар армандаған - Тәуелсіздік» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Қойылым барысында киелі қазақ елі мен жерінің тарихы мен өткенінен сыр шерткен Абыз Ата:
Пай! Пай! Пай!
Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
Мына өлке, мына аймақ,
бұл маңда Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға!
Шүкірлік етемін қашан да Осы бір Отанда тұрғанға!
Жазы бар жалынмен жандырған,
Қысы бар аязға қардырған.
Пай - пай- пай! Киелі неткен жер! Пай - пай- пай! - деген туған жерге тағзым етсе, Махамбет күйне қойылған «Тәуелсіздік таңы» атты биі мен фильм көрсетілімі көрермендер көңіліне үлкен ой салды.
Шараның салтанатты бөлімінде университет ректоры, академик Пірәлиев Серік Жайлауұлы барша қауымды «Тәуелсіздік күні» мерекесімен құттықтап, ғылым мен білім саласындағы көп жылғы еңбектері үшін университеттің бірқатар қызметкерлерін арнайы наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің наградаларымен: «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен - 2 профессор-оқытушы, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен - 3 профессор-оқытушы, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен - 2 профессор-оқытушы, «Құрмет грамотасымен - 3 қызметкер, университеттің «Айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен - 4 профессор-оқытушы, «Құрметті қызметкер» төсбелгісімен - 7 профессор-оқытушы, «Үздік ұстаз» төсбелгісімен - 13 профессор-оқытушы, «Үздік қызметкер» төсбелгісімен - 13 профессор-оқытушы, университет ректорының «Құрмет грамотасымен» - 13 профессор-оқытушы, университет ректорының грамотасымен - 7 профессор-оқытушы марапатталды. Одан басқа Сарыағаш ауданында орналсқан «Ақ-бұлақ» шипажайына 25 профессор-оқытушы жолдама алды.
Сонымен қатар, айтулы мереке қарсаңында бірқатар профессор-оқытушы құрамы ҚР БҒМ Қаржы орталығы Акционерлік қоғамының, Алматы қаласы «Парасат» кәсіподақ ұйымының, «ORLEU» білім ғылым технология порталының, Медеу ауданы әкімдігінің және «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы тарапынан марапатқа ие болды.
Салтанатты шара опера әншісі Толқын Забирова, әнші-композитор Арман Дүйсенов, Ж. Елебеков атындағы эстрада және цирк коллежінің «Керімай» би тобы, «Есентай Production» орталығының жас жұлдыздары Нұржан Тәжікенов, «Алау» тобы, Құрлық әскерлерінің әскери институты жас қырандарының және университеттің өнерпаз студенттерінің қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған бұл салтанатты шара барша көрермен қауымға жақсы көңіл-күй сыйлады.
Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі басқармасы