қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
24.11.2011

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің ғылыми-педагогикалық жобасы бойынша оқу орнында «Ұлттық тәрбие» кафедрасы ашылып, оқу үрдісіне «Ұлттық тәрбие» пәні енгізіліп, оқытылып келе жатқанына екі жыл болды. Пәннің мақсаты студент-жастарды қазақ халқының мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне, адамгершілік, имандылық құндылықтарға, отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелеп, оларды ұлттық тәрбиенің теориялық-әдістемелік қайнарларымен сусындату болып табылады. Университетте «Ұлттық тәрбие» пәнінің аясында жастарды тұлға ретінде қалыптастыру мақсатымен А.Байтұрсынұлы атындағы «Тұлғатану» орталығы ашылып, «Тұлғалар дәрісі» циклы бойынша көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізіп, олардың дәрістерін тыңдау дәстүрге айналып отыр. Өткен оқу жылында студенттер мен оқытушылар алдында көрнекті ғалымдар Серік Қирабаев, Мекемтас Мырзахметов, Советхан Ғаббасов, Қазақстанның Халық қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаев, Мәдениет Министрі Мұхтар Құлмұхаммед, өнер зерттеуші-ғалым Әшірбек Сығай және басқа да ұлт зиялылары ашық дәріс оқыса, 2011-2012 оқу жылындағы «Тұлғалар дәрісін» «Тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін қалаушы - Президент Н.Назарбаев» деген тақырыпта филология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков өткізді. Кезекті кездесуді университет ректоры, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев ашып, оқу орнындағы «Ұлттық тәрбие» пәні аясында өткізіліп жатқан «Тұлғалар дәрісінің» мақсат-мұратына тоқтала келіп, бүгінгі сабаққа Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлға ретіндегі ерекшеліктерін ашып көрсету үшін ол кісімен қанаттас, үзеңгілес болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Президент Мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековты шақырып отырғанын айтып, оған сөз берді.
Мырзатай Жолдасбеков - профессор, академик, ғылым докторы сияқты ғылыми дәрежелерімен бірге ұзақ жыл Талдықорған педагогикалық институтын, Еуразия ұлттық университетін, Дипломатиялық академияны басқарумен бірге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі сияқты жауапты мемлекеттік қызметтер атқарған белгілі қайраткер, танымал тұлға, еліміздің тәуелсіздігі жолында Елбасымен қатар жүріп, күш-жігер көрсеткен қайраткер. Сондықтан ол еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетті құру, қалыптастыру жолындағы барлық күрес жолына куәгер. Мырзатай Жолдасбкеов Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері мен оқытушылары алдындағы дәрісінде Президент Н.Назарбаевтың қайраткерлік тұлғасын керемет сомдап берді. Оның алған бетінен қайтпайтын бірбеткей батылдығы, қиындықтан қайтпайтын батырлығы, кез-келген күрделі мәселені шеше білетін, кез-келген қиындықтан ел бастап, жол тауып шыға алатын ақылдылығы мен даналығы, отанын сүйген патриоттығы, елін сүйген елжандылығы туралы тебірене сыр шертті. «Қазақстанның бүгін әлем таныған абыройлы мемлекет, гүлденген, көркейген республикаға айналып отырғаны Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы», - деді М.Жолдасбеков. Иә, Тәуелсіздіктің алғашқы екі он жылдығында Қазақстан қаншалықты тарихи өзгерістерді басынан кешірсе, соның бәрінің басында, әрине, Президент Н.Назарбаев тұрды. Ол Қазақстанды әлем таныған мемлекеттер қатарына шығарды, ол тәуелсіз елдің мемлекеттік шекарасын шегендеп берді, ол елдің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін қарышты қадаммен дамытты, елдің жаңа астанасын салып берді, ең бастысы Н.Назарбаев тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін қалап, іргесін бекіткен көрнекті қайраткер, бірегей тұлға.
Кездесуде М.Жолдасбековке студенттер мен оқытушылардан көптеген сұрақтар түсті. Бұлардың бәрі де Президенттің асыл қасиеттеріне деген көпшіліктің қызығушылығынан туған сұрақтар еді. Мырзатай Жолдасбеков барлық сұраққа тұшымды жауап қайтарды. Кездесудің соңында М.Жолдасбековтың ән-күйлері орындалды.
Ректор Серік Жайлауұлы Пірәлиев қонаққа университеттің «Құрметті профессоры дипломын тапсырып, иығына профессор мантиясын жапты. Кездесуге жиналғандар Президент Назарбаев пен тәуелсіздікке арналған кітап көрмесін тамашалады.