қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
19.12.2019

Ұстаз мәртебесі - ұлт мерейі!

 

Алматы қаласының Білім басқармасы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 2019 жылдың 20-27 қараша күндері аралығында орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері арасында дәстүрлі «Қасыл Қатықбаева атындағы «Ұстаз мәртебесі - ұлт мерейі» байқауын өткізді. Байқаудың мақсаты - жас ұрпақтың бойында рухани құндылықтар қалыптастыруды және бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеуді қамтамасыз ететін жаңашыл жас мұғалімдердің тәжірибесін насихаттау арқылы педагог мәртебесін көтеру болатын.


Бұл шарада Абай атындағы ҚазҰПУ-дің профессор-оқытушылар құрамы мектеппен байланысты нығайту, сананың ашықтығы қасиеттерін жас ұрпақтың бойына дарытудағы мектеп мұғалімдерінің іс-тәжірибелерін зерттеу, қолдау мақсатымен байқауға қатысушы мұғалімдердің жұмыстарын бағалауға өз тәжірибелерімен бөлісті.


Атап айтқанда, «Ұстаз мәртебесі - ұлт мерейі» байқауының әділ қазылар мүшесі құрамында университетіміздің профессорлары А.Е.Жұмабаева, А.Е.Сағымбаева және М.М.Мұратқазин болды.


2019 жылдың 14 желтоқсаны күні Алматы қаласы орта білім беру ұйымдарының жас мұғалімдері арасында дәстүрлі «Қасыл Қатықбаева атындағы «Ұстаз мәртебесі - ұлт мерейі» байқауының қорытындысы жарияланған жиын өтті.


3 айға созылған үш кезеңнен тұратын сайыстың соңғы кезеңіне мектептен, ауданнан үздік шыққан 21 мұғалім қатысты.


21 сайыскердің жұмысын университетінің ғалымдары - жаңартылған мазмұндағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің авторлары педагогика ғылымдарының докторы, профессор Азия Жұмабаева, профессор Айнұр Сағымбаева, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Мұхтар Мұратқазин, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Әкімжан Сайлыбаев, Алматы қаласы директорлар кеңесінің мүшесі Раушан Қожамбетова, «Қазақстанның Үздік педагогі» республикалық байқауының жеңімпазы Қайырбай Қанат бағалады.


Байқаудың қорытындысымен финалдық сатыға жеткен 12 мұғалімге Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың Мадақтама қағазы және байқау демеушісі М.Әділхановтың 100 000 тг. көлемінде бағалы сыйлығы табыс етілді.


Бас бәйге - шет елдік жеңіл автокөлік №59 мектеп-гимназиясының физика пәнінің мұғалімі Хасен Зәруге табысталды;
I-орын мен 500 000 тг. сыйақыға №168 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Елдар Абдықалықов ие болды;
II-орын мен 300 000 тг. сыйақыны №148 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Дорветхан Гүлжан иеленді;
III-орын мен 200 000 тг. Сыйақы №180 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ахметова Құралайға тапсырылды.


Байқаудың қорытынды салтанатына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым, мемлекет қайраткері Беркімбаева Шәмша, Қазақстанның Еңбек Ері, ардагер ұстаз Миразова Аягүл, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Сәтмырзаев Асан, Медеу ауданының әкімі Мәкежанов Сұлтанбек қатысып, жеңімпаздарды құттықтап, байқаудың қазылар алқасына алғыс айтты. Оларға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атынан алғыс хаттары табыстады.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Тарих және құқық институты