қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
29.12.2019

«Жыл таңдауы-2019» үздіктерді марапаттау рәсімі


2019 жылдың 25 желтоқсаны күні «Жастар жылын» қорытындылау аясында «Жыл таңдауы-2019» үздіктерді марапаттау рәсімі өтті. Шара барасында «Жастар жылы» аясында білім, ғылым, тәрбие және спорт салалары бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, белсенділігімен ерекшеленген 18-35 жас аралығындағы білім алушылар, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер марапатталды.


Шараны университетіміздің бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов ашып, барша шараға қатысушыларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Одан әрі шара «Жыл үздіктерінің» марапаттауына ұласты.


Жеке марапат бойынша: «Үздік спортшы», «Үздік жас ұстаз», «Үздік жас ғалым», «Үздік докторант», «Үздік жас тәрбие жетекшісі», «Үздік ұйымдастырушы», «Үздік жас баспа қызметкері», «Үздік эдвайзер», «Үздік студент», «Үздік үйлестіруші» номинацияларының иегерлері ректор грамотасымен және 50 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. «Жыл ізденушісі», «Жыл ақыны» «Жыл спортшысы», «Жыл боксшысы», «Жыл каратэшісі», «Жыл әншісі», «Жыл төрағасы», «Жылдың тоғызқұмалақшысы» номинацияларының иегерлері ректор грамотасымен және 40 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.


Топтық марапат бойынша: «Үздік білім беру жобасы», «Үздік экологиялық жоба», «Үздік талпыныс», «Үздік start-up жобасы», «Үздік институттық инстаграм», «Үздік студенттік клуб», «Үздік халықаралық спорттық жоба», «Үздік насихат тобы», «Үздік мега жоба», «Үздік өзін-өзі басқару кеңесі» номинациясының иегерлері 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық және ректор грамотасымен марапатталды. «Жыл жаңалығы», «Жыл ашылымы», «Жыл бишілері», «Жыл бірлестігі», «Жыл белсенділері», «Жыл челленджі», «Жылдың ашық алаңы», «Жылдың адалдық алаңы», «Жыл еріктілері», «Жыл сәні» номинацияларының иегерлері 80 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық және ректор грамотасымен марапатталды.


Одан басқа, жыл бойы қоғамдық-мәдени шараларда ерекше көзге түскен 21 белсенді студентке ректор алғыс хаты және 10 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.


Ресми бөлім одан әрі университет өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Шара соңында университет жанындағы «Еріктілер лигасы» белсенділері «Еріктілер жылының» эстафетасын қабыл алды.


Өз кезегімізде, «Жастар жылы» оқу, ғылым, мәдени және әлеуметтік бағыттарда көптеген игі істерге қолдау жасап, жыл бойы қамқорлық көрсеткен университет ректоры Такир Балықбаевқа барша университет жастары атынан зор алғысымызды білдіреміз.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар

және жастар саясаты департаменті