қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
13.01.2016

Қаламгерге- құрмет


Сәбит Досанов - аға буын қазақ жазушыларының арасында өзіндік орыны бар көрнекті қаламгер. Оның романдары отандық прозаның алтын қорына қосылған сүбелі дүниелер. Оның Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ие болған төрт томдық «Жиырмасыншы ғасыр», «Ақ аруана» романдары көптеген шет тілдеріне аударылып, әлем оқырмандарына қазақ әдебиетінің шыққан биігін, әлеуетін танытты. Жуырда оның «Ақ аруана» романы Түркия мен Әзербайжан Республикаларында түрік және әзербайжан тілдерінде басылып шықты. С.Досановтың драмалық шығармалары да өзінше бір әлем.
Жазушы Ресейдің М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. «Ақ аруана» романы үшін оған «Түркі әлемі алдындығы қызметі үшін» және Түркі әдеби қорының Халықаралық сыйлығы берілді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жазушы Сәбит Аймаханұлы Досановтың шығармашылығына арналған жиын болып өтті. Бұл басқосуға жазушының «Ақ аруана» романын түрік және әзербайжан тілдеріне аударған Түркияның белгілі жазушысы Имдад Афшар, Әзербайжан қаламгері Элхан Зал, сондай-ақ өзбек жазушысы Мехманқұл Исламқұлов, қырғыздың танымал ақыны Мархабай Ааматов арнайы келді.
Кездесуді ашқан университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев жазушының шығармашылық табыстарына тоқталды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай жазушы еңбектерінің бүгінгі қазақ әдебиетіндегі орыны мен маңызына тоқталды. Түріктің көрнекті жазушысы Имдад Афшар Сәбит Досановтың «Ақ аруана» романын түрік ағайындар зор ықыласпен қабыл алғанын айтып, қаламгерге Түркі әлемінің алдындағы қызметі үшін Түркі әдеби қорының халықаралық сыйлығын тапсырды. Әзербайжан жазушысы Элхан Зал, өзбек жазушысы Мехманқұл Исламқұлов, қырғыз ақыны Мархабай Ааматов қазақ қаламгерінің шығармаларына қатысты өз ойларын ортаға салып, оның проза саласындағы табыстарына тоқталды.
Түбі бір Түркі халықтарының әдеби және рухани байланыстарына елеулі еңбегімен үлес қосып отырған жазушы С.Досанов өз шығармаларын аударуға және насихаттауға белсене атсалысып жүрген бауырлас елдер жазушыларына алғыс айтты.
Осы кездесуде оқырмандар сұрақтарына жауап беріліп, Сәбит Аймаханұлының түрік және әзербайжан тілдерінде шыққан кітаптарының таныстыру рәсімі өтті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, академик Серік Жайлауұлы Пірәлиев жазушыға университеттің «Құрметті профессоры» Дипломын тапсырып, профессорлық мантия жапты.

Қанат Мырзаханұлы,
Абай атындағы ҚазҰПУ
2-курс магистранты