қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
09.01.2020

Қысқы мектеп: білім беру бағдарламаларын дамыту мәселелері талқыланды

 

2020 жылдың 8 қаңтарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Өзгермелі әлемдегі педагогикалық білім: жаңа басымдықтар» Қысқы мектебі аясында екі сессия өтті.

 

Бірінші сессия бойынша Абай атындағы ҚазҰПУ-дың оқу бағдарламаларын жобалау департаментінің директоры А.М. Байдильдина «2019 жылы әзірленген білім беру бағдарламаларын талдау. Білім беру бағдарламаларын жобалау бойынша академиялық комитеттерді қалыптастыру және қызметі. Қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу мәселелері мен міндеттері. Материалдарды әзірлеу және жаңа форматта ПОӘК қалыптастыру» тақырыптарында семинар-тренинг жүргізді.

 

Семинар-тренингке университеттің институт директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, кафедра меңгерушілері қатысты.

 

Тыңдаушылар білім беру бағдарламаларының талдауымен, оларды құрудағы артықшылықтармен және инновациялық идеялармен, ең жиі кездесетін кемшіліктермен танысты.

 

Іс-шара барысында Өнер, мәдениет және спорт институтының музыкалық білім және хореография кафедрасының профессоры К.Е.Ибраева; Жаратылыстану және география институтының доценттері Ш.Ш.Карбаева мен Б.К.Есімов; Тарих және құқық институтының профессоры Б.О.Жангуттин және доцент Л.И.Жазылбек сараптаудан сәтті өткен бағдарламаларды жасау тәжірибесімен бөлісті.

 

Тренингтерде білім беру бағдарламаларын жобалау мәселелері, оларды әзірлеу және сараптау мәселелері, жобалау принциптері бойынша пікір алмасылды. Сондай-ақ, тыңдаушылар білім беру бағдарламаларын жүйелі және дұрыс дайындау үшін ұсынылған материалдардың өзектілігін атап өтті.