қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
10.02.2016

Мұзбалақ мемориалына тағзым

2016 жылдың 9 ақпаны күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің белсенді жастары Қазақ поэзиясының Хантәңірі, тау тұлғалы талант, Қарасаздан ұшқан қарлығаш, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақын ескерткішің аумағын тазалап, тағзым жасады. Ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаев өз сөзінде: «Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармаларымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар», - деп кеткен екен күнделігінде. Осыған орай, ескерткіш алдында университет жастары ақынның өлеңдерін оқып, ақынға арнаған жырларын сусындатты. Өнерлі жастарымыз «Жарығым-ай», «Есіңе мені алғайсың», «Ұнатамын мен сені» секілді әндерін орындап, жиналған қауымның жүрегін тебірентті. Өмірге ойлы көзбен қарайтын жанның рухани ішкі тебіренісі, әлеуметтік ортаға айтар көзқарасы бар ақынның ширыққан үні қайта бір жаңғырғандай болды. Шара барысында жырдан нәр алған жастар ақын ескерткіші алдында гүл шоғын қойып, естелік суретке түсті. Одан әрі бұл шара университетіміздң бас оқу ғимаратында жалғастырылды. Акция барысында жастарға ақын ғұмырынан сұрақтар қойылып, өлең шумақтары оқытылды. Шара соңында «Қазақпарат» баспасынан шыққан М.Мақатаевтің шағын күнделік кітапшасы таратылды.
Қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» атанған жиырмасыншы жүз жылдықтағы ұлттық поэзиямыздың ірі тұлғасы Мұқағалидың есемі ешқашан ұмытылмақ емес және ұмытылмайды да...

Абай атындағы ҚазҰПУ
Тәрбие жұмысы, жастар саясаты
және мемлекеттік тілді дамыту
басқармасының инспекторы
Мәди Бауыржанұлы