қазақша · русский · english
 
 
 

Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу және мөлшерлері туралы ережелер


1. Мемлекеттік стипендиялар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысанында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына тағайындалады және төленеді.
2. Мемлекеттік стипендия мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауыстырылған студенттер мен магистранттарға, аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) нәтижелері бойынша "өте жақсы", "жақсы" бағаларын алғандарға тағайындалады.
3. Докторанттарға, дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына мемлекеттік стипендия бүкіл оқу мерзіміне, аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) нәтижелеріне қарамастан тағайындалады.
4. Бірінші академиялық кезеңге мемлекеттік стипендия 1 қыркүйектен немесе 1 қаңтардан бастап бірінші академиялық кезең мен демалыс аяқталғанға дейін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бірінші курсқа (бірінші оқу жылы) қабылданған барлық студенттер мен магистранттарға тағайындалады. Кейінгі академиялық кезеңдерде мемлекеттік стипендия студенттер мен магистранттарға аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) нәтижелері бойынша тағайындалады.
5. Академиялық күнтізбеде белгіленген мерзімдерде аралық аттестаттаудан (емтихан сессиясынан) өтпеген студенттер мен магистранттарға, дәлелді себептер бойынша (ауру, отбасылық жағдайлар, табиғи апаттар, академиялық немесе кредиттік ұтқырлық бойынша оқу) білім беру ұйымының басшылығымен жеке мерзімдер белгіленеді. Аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) нәтижелері бойынша осы санаттағы білім алушыларға мемлекеттік стипендия тағайындалады.
6. Бір оқу орнынан екіншісіне ауыстырылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия алдыңғы семестрдің нәтижелері бойынша тағайындалады.
7. Академиялық демалыстан оралған студенттер мен магистранттарға оқу жоспарларындағы академиялық айырмашылықтарды жойғаннан кейін мемлекеттік стипендия тағайындалады. Ауруына байланысты оқуын қайталап жүрген студенттер мен магистранттарға мемлекеттік стипендия олар оралған сәттен бастап алдыңғы семестрдің нәтижелері бойынша, оқу жоспары орындалған семестрде тағайындалады. Туберкулезбен ауыратын студенттерге, магистранттарға және докторанттарға тиісті медициналық қорытындының негізінде, олардың алдыңғы семестрдегі нәтижелеріне қарамастан, мемлекеттік стипендия жұмысқа қабілетсіздік кезеңінде, бірақ 10 айдан аспайтын мерзімге тағайындалады.
8. Баланы үш жасқа дейін күту демалысы кезінде студенттерге, магистранттарға және докторанттарға мемлекеттік стипендия тағайындалмайды.
9. Мемлекеттік стипендияларды тағайындау факультет деканының немесе институт директорының ұсынысымен басқарма төрағасы - ректордың бұйрығымен жүзеге асырылады.
10. Мемлекеттік стипендия тағайындау келесі жағдайларда тоқтатылады:
1. студентті білім беру ұйымынан шығару (өз еркімен кету жағдайларын қоса алғанда);
2. студенттің қайтыс болуы;
3. студент оқуын бітіргеннен кейін бітіру туралы бұйрық шыққан күннен бастап.
11. Көру қабілеті және есту қабілеті бұзылған тұлғаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, қамқорлыққа алынған балаларға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын студенттерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия емтихан сессиясының нәтижелері бойынша академиялық қарыздар болмаған жағдайда және тиісті құжаттар ұсынылған күннен бастап жоғарылатылған мөлшерде тағайындалады.
12. Мемлекеттік стипендияларды төлеу олардың сомаларын екінші деңгейдегі банкте немесе Ұлттық пошта операторында ашылған ағымдағы шоттарға аудару арқылы жүзеге асырылады.
13. Мемлекеттік стипендия әр айдың бірінші күнінен бастап, аралық аттестаттаудан (емтихан сессиясы) кейінгі айға дейін төленеді. Қорытынды курстың студенттеріне мемлекеттік стипендия оқуды бітірген күнге дейін төленеді.
14. Көру қабілеті және есту қабілеті бұзылған тұлғаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекеттік стипендия жоғарылатылған мөлшерде төленеді, бұл үшін тиісті құжаттар ұсынылуы және емтихан сессиясында академиялық қарыздардың болмауы қажет.
15. Жазғы демалыс кезеңіндегі студенттер мен магистранттарға мемлекеттік стипендия шілде және тамыз айлары үшін бір уақытта төленеді.
16. Академиялық демалыс кезеңінде, егер академиялық демалыс медициналық қорытынды негізінде берілмеген жағдайда, мемлекеттік стипендия төленбейді.
17. Жүктілік және босану бойынша демалыс кезеңінде студенттерге, магистранттарға және докторанттарға мемлекеттік стипендия босану және жүктілік демалысына дейін белгіленген мөлшерде, заңнамада көзделген мерзім ішінде төленеді. Жүктілік және босануға байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама ұсынылса, академиялық демалыс үзіледі және жүктілік және босану бойынша демалыс ресімделеді.
18. Көру қабілеті және есту қабілеті бұзылған тұлғаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) нәтижелері бойынша тек "өте жақсы" бағасын алған студенттер мен магистранттарға оқуда жүрген кезеңде жоғарылатылған мемлекеттік стипендия төленеді.
19. Экологиялық апат аймағында тұратын студенттерге және магистранттарға Қазақстан Республикасының "Арал маңы аймағында экологиялық апаттан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Заңына сәйкес стипендияны экологиялық қолайсыз жағдайларда тұрғаны үшін коэффициентті қолдана отырып төлеу белгіленеді.
20. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұрған студенттер мен магистранттарға мемлекеттік стипендия студенттер мен магистранттардың мемлекеттік стипендиясының 50 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
21. Медициналық қорытынды негізінде академиялық демалыс алған студенттерге, магистранттарға және докторанттарға академиялық демалыс кезінде мемлекеттік стипендия докторанттардың, студенттердің, магистранттардың мемлекеттік стипендиясының 50 пайызы мөлшерінде (мүгедектігі бар тұлғаларға 75 пайызы мөлшерінде) белгіленеді.