қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
16.12.2020

 

Құрметті ұстаздар мен қызметкерлер, студенттер!

 

Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Халқымыз үшін ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздікке қол жеткен, еркін де егеменді ел болған бұл күн - Отанымыздың әрбір азаматы үшін аса қастерлі мереке.

 

Тәуелсіздік - барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Бізді бұл күнге жеткізген ұмытылмас оқиғалар - ел қорғау соғыстары, ұлт-азаттық көтерілістері, 1986 жылғы желтоқсан қозғалысы халқымыздың жасымайтын асқақ рухы болатын. Бұл еркіндік сүйгіш патриоттық дәстүрді, өткен дәуірдегі қаһармандық оқиғаларды Елбасымыз кезінде: «Біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастау көздері» деп бағалаған болатын. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен хан-сұлтандары мен батырларын қазақ халқы тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақтап, олардың өлмес рухын ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жеткізді. Егемендігімізді баянды етіп, мемлекеттігімізді құрып және оны нығайтуда Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ерен.

 

Тарихқа адам сенгісіз секіріс жасаған қазақ елі бүгінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың басшылығымен күшті және жедел дамушы заманауи мемлекет құру жолында қажыр-қайрат танытуда. Тәуелсіздік жылдарында біз көптеген қиындықтарды еңсеріп, бүгінгі әлеуетке жеткен елміз. Қазақстан әлемдік қауымдастықтан өз орнын алып отыр. Біз бұдан былай да ең басты құндылығымыз - ынтымағымыз бен бірлігімізді нығайтып, мемлекет басшысының сарабдал саясатын жүзеге асыруға атсалысуға тиіспіз.

 

Бүгінде тәуелсіздік рухымен тыныстаған жаңа ұрпақ - жас қауым өсіп келеді. Сондықтан оларды жақсы оқып, сапалы білім алып, еселі еңбек етіп ел егемендігін баянды етуге үлес қосуға шақырамын.

 

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақыт пен шаттық, бейбіт аспан тілеймін.

 

 

 

Құрметпен,

Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университеті

Басқарма Төрағасы-Ректор м.а. Такир Балықбаев