қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
26.08.2021

«Жас автор» республикалық әдеби-шығармашылық конкурсының жеңімпаздары анықталды


Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай, 2021 жылдың 26 тамызында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Рухани жаңғыру - болашаққа бағдар» мемлекеттік бағдарламасының аясында ұйымдастырылған «Жас автор» әдеби-шығармашылық конкурсының жеңімпаздары анықталды.

 

Отандық балалар әдебиетінің дамуына үлес қосып, прозалық жанрда қалам тербеткен жастардың әдеби шығармашылығын қолдау, кәсіби мамандануына мүмкіндік беру, өскелең ұрпақтың дүниетанымын, рухани білімін байыту мақсатында ұйымдастырылған кокурсқа республикамыздың 8 өңірінен 43 жұмыс келіп түсті. Соның ішінде 15 жұмыс конкурс Ережесіне сай деп танылды.

 

Конкурс Ережесіне сәйкес, балаларға арналған әңгімелер, новелла шығармалары бойынша жұмыстарды арнайы маманданған тәуелсіз қазылар алқасы және Алматы қаласы мектеп оқушыларының обьективті оқырмандық бағалауларынан тексеріліп, I, II, III жүлделі орындармен қатар, ерекше жұмыстарымен қосымша «Үздік талпыныс» номинациясының иегерлері анықталды.

 

Сонымен, III орынды Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданынан Махаббат Тұрсынбай иеленсе, II орын иегері болып Орал қаласының тұрғыны Фариза Қадырғалиева атанды. Ал жүлделі I орынды Алматы облысының Кербұлақ ауданының жас қаламгері Лаура Сәрсембекова жеңіп алды.

 

«Үздік талпыныс» номинациясының жүлдесіне конкурсқа қатысқан алты автордың шығармалары лайық деп танылды. Конкурстың жүлделі шығармаларды ақпараттық қолдау мақсатында отандық балалар журналдары арқылы жариялау жоспарланып отыр.

 

Жүлделі орындарды табыстау рәсімі онлайн форматта өтті. Жеңімпаздар университет ректорының дипломдарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

 

   

 

«Рухани жаңғыру» орталығы