қазақша · русский · english
 
 
 
 Симтиков Жомарт Құдайбергенұлы
Кафедра меңгерушісі
Тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы
Жамбыл көшесі, 25
 8-701-404-07-09

 

Жалпы мағлұматтар және оқу-әдістемелік қызметтер


Жоғары білікті мамандар даярлауда арнайы мамандық ждаярлайтын кафедралардан басқа жалпыуниверситеттік кафедралар елеулі қызметтер атқарады. «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасының құрылуының өзі терең тарихи мағлұматтарды береді.

 

Бүгінгі таңдағы кафедраның қалыптасуы «Саяси экономика» және «Маркстік-Лениндік философия» кафедраларынан бастау алады. «Саяси экономия» кафедрасы негізінде Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Цезарь Львович Фридманның жетекшілігімен «Ғылыми коммунизм» кафедрасы құрылып, онда саяси-әлеуметтік аренаға білікті кадрлар даярлайтын тегеурінді ғалымдар қызмет жасады.

 

1980 жылы атауы «КПСС тарихы» кафедрасы болып өзгертіліп, оны Маданов Хамит Маданұлы басқарды. 

 

Ал «Маркстік-лениндік философия» кейіннен «Ғылым философиясының методологиясы» кафедрасы болып оны Қадыршат Шапағатұлы Шүлембаев ұзақ жылдар басқарып, кейіннен республикаға танымал ғалымдар ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, философия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сәбит  секілді белгілі философтар жетекшілік етті. Онда белгілі философ О.А.Сегізбаев, З.А.Мукашев секілді философия ілімінің майталмандарымен қатар философия ғылымдарының докторы, профессор Д.Ө.Құсайынов, философия ғылымдарының докторы, профессор Н.Г.Аюпов, философия ғылымдарының докторы, профессор Ж.М.Мүтәліпов секілді қазақстандық жаңа буын ғалымдары қызмет атқарды. Бұл кезеңде жеке қазақстандық философиялық мектептің негізі қаланды.

 

Тәуелсіздіктің басында, яғни 1991 жылы «Саясаттану» кафедрасы арнайы маман даярлайтын кафедра болып ашылды. Ал 1992 жылы «КПСС тарихы» кафедрасы «Әлеуметтану» кафедрасы болып өзгертіледі. Оның әр кезеңдерінде кафедра меңгерушілері болып «Саясаттану» кафедрасын тарих ғылымдарының докторы, профессор С.З.Нарматов, саяси ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қ.Симтиков, ал «Әлеуметтану» кафедрасын тарих ғылымдарының кандидаты, доцент С.С.Нұрқасынов, тарих ғылымдарының докторы, профессор И.Ш. Шамшатов басқарды.

 

Нарықтық қатынастарға көшуге және қоғамдық өмірді демократияландыруға бағытталған саяси-әлеуметтік процестерге байланысты кафедралар тарихында жаңа кезең басталады. Осыған байланысты пәндердің мазмұнында іргелі өзгерістер орын алып, идеологиялық бағыттан арылып, объективті ғылыми сипатқа ие болып, саясаттану мен әлеуметтану саласында әлемдік ғылымның жетістіктерін пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

 

1997 жылы «Әлеуметтану» кафедрасы жалпыуниверситеттік кафедра болып бөлек құрылады. 2000 жылдары кафедра «Теориялық-қолданбалы саясаттану және әлеуметтану» болып өзгертіліп, құрамы білікті мамандармен толықтырылады. Атап айтар болсақ, саяси ғылымдарының докторы, профессор М.Б.Тәтімов, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Ш.Ишмухамедов, философия ғылымдарының докторы, профессор Т.С.Сәрсенбаев тарих ғылымдарының кандидаты, профессорлар Р.Қ.Қайыргелдин, В.К.Сидоров, М.Б.Заславская және т.б. ғалымдар Қазақстандағы саясаттану және әлеуметтану салаларындағы зерттеудің дамуында өз үлестерін қосты.

 

2009 жылдан кафедра атауы «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасы болып өзгертіліп, жаңа кафедраның қалыптасуы мен дамуында 2018 жылға дейінгі аралықта оның меңгерушісі болып философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Әбсаттаров Раушанбек Борамбайұлы зор еңбек сіңірді.

 

Оның жетекшілігімен саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасында «Саясаттану», «Әлеуметтану», «Дінтану», «Мәдениеттану», «Философия» мамандықтарының бакалавриатымен қатар, «Саясаттану», «Әлеуметтану» мамандықтары бойынша магистратура және PhD докторантура ашылды. Осылайша кафедра мамандықты сатылап даярлау деңгейіне көшті.

 

Бүгінгі таңда профессор Әбсаттаров Раушанбек Боранбайұлының бас редакторлығымен Абай атындағы ҚазҰПУ-дің ғылыми басылымы Вестник/Хабаршы журналының «Әлеуметтану және саяси ғылымдар» сериясы жарық көреді.  

 

2018 жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап Саясаттану және  әлеуметтік- философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі елімізге белгілі саясаттанушы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Симтиков Жомарт Құдайбергенұлы басқарады.

 

Қазіргі таңда кафедрада 5 ғылым докторлары, профессорлар, 10 ғылым кандидаттары, доценттер, PhD - 6 және 15 ғылым магистрі оқытушылық қызметін атқарады. Жалпы кафедра құрамы - 35 адам. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына  21 докторант, 10 магистрант қатысады.   

 

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасы - терең ғылыми-педагогикалық бағытты қатаң ұстана келе, «Саясаттану», «Философия», «Әлеуметтану», «Дінтану», «Мәдениеттану» салалары бойынша республика деңгейіндегі авторлар қызмет ететін іргелі ұжымдардың бірі.

 

Кафедрада «6D050200 - Саясаттану», «6D050100 - Әлеуметтану» мамандықтары бойынша PhD докторантура және бес мамандық бойынша магистратура жұмыс істейді. 2018 жылдың тамыз айынан бастап бес мамандық бойынша бакалавр дәрежесі ашылды: «5В050200 - Саясаттану», «5В020100 - Философия», «5В050100 - Әлеуметтану», «5В020600 - Дінтану» және «5В020400 - Мәдениеттану».

 

Қазіргі уақытта кафедраның магистранттары мен докторанттары өздерінің докторлық және кандидаттық диссертацияларының тақырыптары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын табысты жалғастыруда.

 

Кафедраның ғылыми-зерттеу жұмыстарының нақты нәтижелері докторанттар мен магистранттар оқытушылары қызметінің әртүрлі салаларында көрініс табады. Жарияланған ғылыми еңбектердің ғылыми және теориялық мәні де, қолданбалы мәні де бар. Зерттеу жұмысының нәтижелері оқу процесіндегі қолданысқа ие.

 

Қазіргі таңда кафедра Қазақстанның жоғарғы білім беру мен ғылым саласындағы заманауи үдерістерге өз үлесін қосуда. Мұнда білім берудің, ғылым мен инновациялық қызметтің тиімді ықпалдастығы негізінде, қазіргі қоғамдағы зияткерлік орта сұранысын қанағаттандыратын кәсіби мамандарды даярлау белсенді түрде қолға алынуда.

 

Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысы


Студенттерге ғылым жолына аяқ басуына ғылыми бағыт, бағдар беру мақсатында кафедрада ғылыми үйірмелер, студенттердің халықаралық, республикалық және студенттік ғылыми іс-шараларға қатысуы сияқты ғылыми-зерттеу жұмыстарының әртүрлі нысандары дамыды және үнемі дамып келеді. Соның негізінде кафедрада 2018 жылдан бері тұрақты түрде «Философиялық бейсенбі» атты ғылыми үйірмесі жұмыс жасайды. Үйірме жетекшісі философия ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Қабаева. Студенттердің ғылыми зерттеулерінің нәтижелері жинақталып, үйірме отырыстарында талқыланады, студенттік топтарда тыңдалады, сонымен қатар конференцияларға қатысуға ұсынылады. Студенттер үйірме отырыстарында алған дағдыларын студенттік ғылыми жұмыстың басқа да күрделі түрлерінде белсенді түрде дамыту дағдысына ие болады.

 

Кафедраның танымдық-тәрбиелік және идеологиялық қызметі


Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының негізгі міндеттерінің бірі оқу және ғылыми-әдістемелік жұмыстарды жүргізумен қатар студенттермен тәрбие жұмысы болып табылады, өйткені білім беру функциясын жүзеге асыру жоғары оқу орнындағы педагогикалық процестің ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл қоғамдық іс-шара кафедраның барлық профессор-оқытушылар құрамының лауазымдық міндеттеріне кіреді (кафедра меңгерушісі, профессорлар, доценттер, аға оқытушылар).

 

Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының идеялық-тәрбиелік жұмысының мақсаты - терең кәсіби білімі мен дағдысы бар жан-жақты дамыған, адамгершілігі мол, әлеуметтік белсенді студент тұлғасын қалыптастыру.