|
| |
13.04.2016
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология институты филологиялық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен 2016 жылдың 5 сәуірінде «Қазақ әдебиетін орыс тілді аудиторияда оқытудың жаңаша бағыттары» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинар (5 сәуір, сағат: 10:00. Үлкен мәжіліс залы, 2-қабат, 225-дәрісхана) өтті. Ғылыми семинарды педагогика ғылымдарының докторы, профессор, филологиялық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Шаханова Розалинда Әшірбайқызы бастап ашып, пленарлық мәжіліске қатысушы қонақтармен таныстырды. Пленарлық мәжілісте филология ғылымдарының докторы, КИМЭП университетінің профессоры Ерназарова Зәуре Шаршыбекқызы «Орыс тілді мектептерде қазақ әдебиетін оқыту мәселелері», педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазақ тілі мен қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Төкен Қонысбайқызы Жұмажанова «Орыс тілді сыныптарда әдебиетті оқыту (10-сынып) мәселесі», филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазақ тілі мен қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Темірхан Сақаұлы Тебегенов «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын басқа тілді мектептер үшін даярлау - мемлекеттік өзекті мәселе», педагогика ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазақ тілі мен қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Күлтәй Әбілқасымова «Әдебиеттер байланысына сүйене оқытудың тиімділігі», педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филологиялық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры Нұрша Алшанбайқызы Оразахынова «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы Алаш идеялары» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасап, бүгінгі күні қазақ әдебиетін орыс тілді аудиторияда оқытудың өзекті мәселелері, одан шығу жолдары, оқытудың жаңаша бағыттарын іске асырудағы іс-тәжірибелер туралы ойларын ортаға салды. Залда отырған тыңдармандар студенттер, оқытушылар тарапынан да көптеген сұрақтар қойылып, пікірлер айтылды. Ғылыми семинар барысында С. Сейфуллин бірлестігінің төрайымы, «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті Анапияева Салтанат өзінің «Ана тілі» атты төл туындысын нақышына келтіріп оқыса, филологиялық пәндерді оқытудың әдістемесі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айбергенова Салтанат Төлегенқызы ақын (өз әкесі) Төлеген Айбергеновтің «Ана» атты өлеңін оқып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Семинар соңында «қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс студенті Еламанова Бағдат «Отаным» атты әнді орындап, залды әсем әнмен көмкерді. Модератор Р. Ә Шаханова жиын соңында аталмыш ғылыми семинарды ұйымдастырушы, кафедраның аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Ақманат Ыбырайқызы Шамаховаға алғысын білдірді.
Кері оралу
|
|
|