«Латыннегізді қазақ алфавиті: мамандар пікірі»
вебинары
2021 жыдың 31 наурызында Филология жәнекөптілді білімі беру институты шығыс филологиясы және аударма кафедрасы түрік тілі пәні оқытушылары Ерғали Есбосынов, Гүлназ Сәтбай, Нұржамал Қоспағанбетова «Латыннегізді қазақ алфавиті: мамандар пікірі» вебинарын ұйымдастырды. Вебинарды кафедра меңгерушісі К.Х.Абдрахманова кіріспе сөзбен ашып, елімізде Латыннегізді қазақ алфавиті туралы мамандар арасында сындарлы пікірталастың жүріп жатқанын атап өтті.
Вебинар Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры Б.С.Қапалбектің «Латын қарпіне көшудің қиындықтары және оны шешудің жолдары» тақырыбындағы мәнді де мазмұнды баяндамасымен жалғасты. Б.С.Қапалбек осы уақыттағы латыннегізді қазақ қарпінің 3-4-ші нұсқасы ретінде тым созылып кеткендігін айта келе, 2-3 жыл көлемде атқарылған жұмыстардың ғылыми дәйектемелерден бастап, қоғамдық пікірге дейінгі даму сатысының жоғары деңгейге шыға алмағандығын тілге тиек етті. Академик С.С.Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Қ.С.Қалыбаева «Қазақ жазу теориясының ақтаңдақтары» тақырыбындағы баяндамасында Латыннегізді қазақ алфавитінің қайсы нұсқасы болмасын орфоэпиялық, фономорфологиялық және қарапайым емлелік тұрғыда орыс тілінің айтылым және жазылым нормаларына сүйенгедігін атап өтіп, мұндай стеоротиптік көзқарастың шеңберінен шығу жолдарын қарастыру қажеттігіне назар аударды. Доктор Осман Қабадайы «Латыннегізді қазақ қарпі туралы кейбір ойлар» тақырыбындағы баяндамасында қазақ елінің қандай қаріп, қандай нұсқа қабылдаса да еркін қимылдауға мүмкіншілігі мол екендігіне тоқталып, тілдік реформа сияқты түбегейлі өзгеріс елдің экономикалық әл-ауқатына қатысты екендігін, Қазақстанның мұны да толығымен еңсере алатындай қаржылық және материалдық қуатқа ие екендігіне тоқталды.
Вебинарды А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Фонетика бөлімінің Бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек қорытындылады. Қазақ фонетикасы мен графикасының білгір маманы Әлімхан Жүнісбек осындай жиындардың аса маңызды екендігін, баяндамашылардың тақырыптық және ғылыми хабарламаларының өзектілігін атап өтті. Латыннегізді жаңа қазақ алфавитінің қайсы нұсқасы болмасын көптеген жағдайда науқаншылық пен пендешілдік көзқарасқа тап болып, орынды-орынсыз талқылау мен жиі өзгеріске ұшыраудың объектісіне айналып кеткендігіне назар аударды. Мұндай жиынның, әсіресе мыңдаған аудиторияға ие Абай Университеті профессор-оқытушылар құрамы тарапынан ұйымдастыруымен өтіп жатқандығына үлкен мән беретіндігін білдірді.
Вебинарға «Түркітану» мамандығы оқытушылары профессор Майра Жүнісова, Ерсайын Молдасанов, «Араб тілі» пәні аға оқытушысы Рая Оразова, «Қытай тілі» пәні аға оқытушысы Асел Алмабекова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Түріксой кафедрасынан доктор Селенай Кошумджу және көптеген ұстаздар мен студент, магистранттар қатысты. Вебинарды Ерғали Есбосынов жүргізді. Техникалық қолдауын оқытушы Н.Х.Қоспағанбетова атқарды. Вебинарға қатысушылардың барлығы тақырыптың өзектілігін және осындай кездесулерді үнемі ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.